
Естеріңізге сала кетейік, бүгін күндіз Orda.kz басылымы Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің, кәсіпкер Гаджи Гаджиевтің және ҰҚК-нің бірқатар жоғары лауазымды қызметкерлерінің ұсталғаны туралы ақпарат таратқан болатын. Бұл хабарламаны ресейлік және халықаралық ақпарат құралдары да жариялап жіберді.
Ресми тұлғалардың арасынан осы ақпаратқа қатысты бірінші болып Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева түсінік берді:
— Кейбір ресми БАҚ пен анонимді телеграм-арналарда мемлекеттік қызметшілердің ұсталғаны жөнінде ресми расталмаған ақпарат тарап жатыр. Еске салғым келеді, кез келген ақпаратты тарату алдында оның шынайылығын тексеру міндеті бар. Сондай-ақ кінәсіздік презумпциясы қағидатын және журналистік этиканы сақтау қажет. Көбіне «хайп» қуып, расталмаған мәліметтерді жариялау арқылы журналистер азаматтарға және олардың жақын туыстарына зиян келтіруі мүмкін. Мұндай әрекеттер олардың абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіріп, негізсіз жала жабуға әкелуі мүмкін.
Ведомство басшысы әріптестерін кәсіби БАҚ пен журналистер сақтауға тиіс міндеттемелерді ұстануға шақырды, сондай-ақ жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
ҚазТАГ ХАА тең құрылтайшысы Әсет Матаев та бұл ақпаратты жоққа шығарды: «СІМ басшысының және басқа да адамдардың ұсталғаны туралы ақпаратты Астанадағы бірнеше дереккөз растамады» деп жазды ол.
Саясаттанушы Данияр Әшімбаев телефон арқылыНұртілеу мен Гаджиевпен байланысып, олардың өз жұмыс орындарында екенін растады:
— "Зардап шеккендермен" байланыстым - бәрі орнында, жұмыс істеп жатыр. Қамау мен тінту туралы ақпарат – бос сөз.
Elmedia басылымы да Сыртқы істер министрінің жұмыс орнында екенін, жоспарланған іс-шараларға қатысып, өз міндеттерін орындап жатқанын растады. Гаджи Гаджиев те ұсталған жоқ. Олардың қандай да бір тінтуге ұшырағаны туралы ақпарат расталмады.
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің Дезинформацияға қарсы күрес орталығы Гүлнар Бажкенованың ("Orda" және "Bazhkenova vs.") ресурстарында таратылып жатқан Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен бизнесмен Гаджи Гаджиевтің ұсталғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын хабарлады.

В Атырау +2