
Атырау облысында Әдеп кеңесінің отырысы өтіп, онда бірнеше тәртіптік іс қаралды. Бөкейхан ауылдық округі мен Доссор кентінің әкімдеріне баса назар аударылды.
Бөкейхан әкімі Жүсіп Төреғалиевқа қатысты кеңес оны қызметтен босатуды ұсынды. Тексеру барысында көптеген заңсыздықтар анықталды. Олардың қатарында жүргізуші куәлігінен айырылған қызметкерге заңсыз жалақы төлеу, тиесілі емес адамға қызметтік тұрғын үй беру, мемлекеттік сатып алу мен құрылыс жұмыстарындағы бұзушылықтар бар. Трактор бөлшектері заң бұзушылықтармен сатып алынған, трактор жеке шаруашылығында қолданылған. Құны 16 миллион теңгеден асатын трансформатор қосымша сұрақ тудырды. Ол Төреғалиевтің үйінің жанына орнатылыпты. Бұған дейін сәуір айында ол қызметке сай еместігі үшін ескерту алған болатын, қазір кеңес оны қызметтен алуды қажет деп тапты.
Доссор кентінің әкімі Аслан Қосмағамбетовке жеңіл тәртіптік шара қолданылды: оған сөгіс беру ұсынылды. Бұған тұрғындарға берілген уәделерді орындамағаны және қызметтік әдеп нормаларын бұзғаны негіз болды. Алайда оған қатысты қылмыстық іс те қаралуда. Ұлттық қауіпсіздік комитеті құны 9 миллион теңгелік көгалдандыру тендерін өткізу кезінде лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалану мүмкіндігі туралы ақпаратты тексеріп жатыр. Тендерге қатысқан кәсіпкердің мәліметі бойынша, ол соманың бір бөлігін өзіне қалдырып, қалғанын беруі керек болған.
Осылайша, бір әкім қызметінен айырылуы мүмкін болса, екіншісі әзірге тек сөгіспен құтылды. Ал Доссор әкіміне қатысты жағдайға Әдеп кеңесі емес, құқық қорғау органдары нүкте қоймақ.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау +1