
Доссор ауылдық округінің әкімі Аслан Қосмағамбетов пен аудандық мәслихат депутаты Әділбек Идиятовқа қатысты іс қылмыстық тергеуге ұласты.
12 тамызда белгілі болғандай, Атырау облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаменті әлеуметтік желідегі жарияланымдарды қадағалау кезінде Рүстем Баязиевтің Instagram парақшасындағы бейнежазбаға назар аударған. Онда әкім мен депутат кәсіпкер Нәсіпқали Дәулетбаевтың жұмысына араласқаны айтылған.
Осы деректерге сүйеніп, 22 шілдеде департамент «Мемлекеттік қызмет туралы» заңның 58-2-бабы 7-тармағының 5) тармақшасы негізінде әкімнің әрекетіне қатысты жоспардан тыс тексеру тағайындады. Жағдайды объективті қарастыру үшін облыстық және аудандық прокуратураларға, полиция департаменттеріне және аудан әкімдігі аппаратына ресми хаттар жолданды.
Қадағалау органдары мен полицияның жауабына сәйкес, 24 шілдеде Атырау облысы ҰҚК департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабы 1-бөлігі бойынша («Лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану») сотқа дейінгі тергеу бастаған. Ведомство әкімнің ісіне құқықтық баға беру әзір мүмкін еместігін, өйткені қылмыстық тергеу жүріп жатқанын хабарлады.
Сонымен қатар, «AMANAT» партиясының Мақат аудандық филиалы төрағасы Айбол Долдашев пен депутат Әділбек Идиятовтың әрекеттеріне қатысты материалдар партияның облыстық филиалына құзыреттілік шегінде ішкі тәртіппен қарау үшін жолданған.
Бұған дейін блогер 2024 жылы жергілікті кәсіпкер ағаштарды суару жұмыстарына шамамен 9 млн теңгелік тендер ұтып алғанын айтқан еді. Кейін ол әкімнің кабинетіне шақырылып, сол жерде депутат та болған. Кәсіпкердің сөзіне қарағанда, оған 1 млн теңгені өзінде қалдырып, қалғанын беруді ұсынған.
Ал депутат Идиятов өз видеосында 2024 жылы көгалдандыру жұмыстарын Дәулетбаевтың атқарғанын, өткен жылғы қиындықтарды болдырмау үшін талаптарды қатаң сақтап, жұмысты ертерек бастауға кеңес бергенін түсіндірді.
Әкім мен депутат бұл жағдайға қатысты әзірге ресми пікір білдірген жоқ.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау +2