Атырау, 26 қараша 06:51
 ашықВ Атырау -1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Құм құрсауында

8 615 просмотра

Қызылқоға ауданына қарасты Ойыл, Қызылқоға және Тасшағыл селолық округтеріне құм көшкінінде қалу қаупі төніп тұр. Соңғы жылдардағы қуаңшылықтың кесірінен жал-жал құмдар бұрынғысынан көбейе түскен. Құм көшкінімен күрес болса, сылбыр жүргізілуде.

Бүгінде Тасшағыл ауылының шетіне дейін жеткен құмдар грейдер жолдарды басып қалуға жақындаған.

- Құмның ауылды түбегейлі басып қалғанын күтпей, қазірден шарасы алынбай ма? Біздің өңірде топырақ борап тұрады, құмдар да жылжып-жылжып ауылдарға жақындай түсті. Мазамыз кетіп, жанымызды үрей билей бастады, - дейді жергілікті тұрғындар.

Құм көшкініне қарсы тұру үшін ағаш егу, қамыс өсіріп, бөгет жасау жұмыстары, білуімізше, 2008 жылдан бері тоқтап қалған.

- Рас, құм көшкінімен күрес жұмыстары көңіл қуантарлықтай емес. Бұл жұмыстарға қаржы бөлінбегендіктен, жұмыс тоқтап қалған, - дейді Қызылқоға ауданы әкімі аппаратының ТЖ бас маманы Азамат ҚАЛЕНОВ.

Тасшағыл селосына қауіп негізінен Бәйтік, Арал көлдері жақтан келіп тұр. Үш жылдан бері Ойыл өзенінің тасымауынан Бәйтік пен Арал суалып қалған. Көл орнында сары құмдар жатыр.

- Бұдан 24 жыл бұрын Тасшағылдың Шығысын үлкен құм баса бастады. Қорқынышты жал-жал құмдар грейдер жолды бітеп, ауылдың іргесіндегі зираттарды басып тастады. Құм көшкіні тез жүргендіктен ауылдың басына үлкен қауіп төнді. Туған жерге экологиялық апаттың төнуі мені қатты абыржытты. Ол жылдары «Тасшағыл» совхозының директоры болатынмын, -деп еске алды аудандық Мәслихаттың депутаты, «Тасшағыл» өндірістік кооперативінің төрағасы Оңғар ЖАНЫҚҰЛОВ.

Оңғар аға 1992 жылы орман шаруашылығы мамандарымен бірлесіп 300 гектар жерге изен, теріскен, дүзгін өсімдіктерін еккен болатын. Ауылдың кіре берісіндегі жолдың екі шетіне егілген өсімдіктердің өсіп-өнуіне алғашында күдікпен қараушылар болған. Бірақ оның бәрі артта қалды. Оңғар аға өзі бастамашы болып, совхоздың бар техникасы мен адамдарын жұмылдырып, қоршап, суаруды қолға алды. Үш жылдың ішінде өсімдіктер қаулап өсті.

- Біздің жұмысымыз күткендей нәтиже берді. Құм көшкіні қайтып, арнасына түсіп, кейінге жылжыды. Сөйтіп ауылды құмның басып қалуынан аман алып қалдық. Жиырма жылдан бері бюджеттен бір тиын бөлінбесе де, қарауылшық ұстап, қоршауын жылма-жыл жөндеуден өткізіп жүрген болатынбыз. Биыл осы бақты селолық округ балансына алуда. Бұған қуанып отырмыз. Бұдан екі жыл бұрын Исатай ауданынан мамандар келіп, құм көшкінін тоқтатудағы жұмыстарымызды көріп, тәжірибе алып кеткен болатын, - дейді Оңғар аға.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

12 қыркүйек 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.