Атырау, 11 желтоқсан 17:42
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 508.05
€ 534.82
₽ 5.06

Текетірес жалғасты

2 627 просмотра

Таяуда болған ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігі облыстық департаментінің (ТМРАД) жанындағы сараптама кеңесінің отырысы «қызу» өтті. Шамасы, тұрғындарға қомақты тарифтерді үздіксіз тықпалай беруге болмайтынын сезінсе керек, таяу уақыттан бері сараптама кеңесіне басқа қоғамдық қызметкерлермен қатар жеке кәсіпкерлер құқығы үшін күресуші Макс БОҚАЕВТЫ енгізді. Алайда сындарлы диалог өрбімеді.

БОҚАЕВТЫҢ ҚАРАПАЙЫМ ЛОГИКАСЫ

Әзірге ТМРАД  ұстанымы бұрынғыша қалды. Ол АЖЭО АҚ мен ТМРАД 2003 жылдан бері қолданып келе жатқан тарифтерді есептеу әдістемесінен бас тартпақ емес. Департамент директорының орынбасары Райхан МИЗАМҒАЛИЕВАНЫҢ айтуынша, жақын арада жасалған «ҚазақЭнергосараптама» АҚ сараптамасы оны пайдалану заңды екендігін растады. Кәсіпкерлер көшуді ұсынған 2012 жылы ҚР үкіметі бекіткен әдістемеге (есептеу аспабы жоқ тұтынушыларды жылумен қамту жөніндегі коммуналдық қызметтерді тұтыну нормаларын есептеудің типтік ережесі) келер болсақ, Мизамғалиеваның айтуынша, жылу берушілермен бірге осы әдіспен есептеген кезде тарифтің тіпті әжептәуір жоғарылап кететінін көрсеткен.

Ал қоғамдық қызметкерлер ел үкіметі бекіткендіктен, ТМРАД осы әдістемені бекітуі тиіс дегенді айтып отыр.

Боқаев неліктен соңғы он бес жыл ішінде ЖЭО-да жылу есептеудің бірнеше әдістемесінің ауысқанын, қай кезде де тұрғындардың ұтымсыз жағдайда қалатынын сұрады:

– Мен үйден ЖЭО-ның 1989 жылы мазутпен жұмыс істеген кездегі қызмет көрсету келісімшартын тауып алдым. Сол кезде жылу тұрба құбырының қимасы және т.б. бойынша есептелді. Содан бері әдістеме ауысты, бірақ қандай негізде? Менің үйім ЖЭО-дан осындай қашықтықта қалды. Ол жұмыс жасайтын газ анағұрлым арзан, ал тариф үнемі өсіп отырады.

Департамент директорының орынбасары Райхан МИЗАМҒАЛИЕВА барлығының, соның ішінде өндірістің өзгеріп, жетіліп отыратындығын тілге тиек етті. Айтпақшы, Атырау үшін жылудың орташа өткізу тарифін бекіту кезінде ТМРАД, ережеге сәйкес, тұрғындардың төлем қабілеттігін ескеруге міндетті. Оны монополияға қарсы қызметкерлер 100 пайызға бағалаған. Бұл тұжырым жылу энергиясы үшін бізде жүз пайыз төлем жасайды деген негізде жасалған. Бір түбіртекке жылу мен электр энергиясының есепшотын сыйдыра білген жылу қызметкерлері мен энергішілердің тапқырлығына қызықпасқа болмайды. Жай ғана жарықты қия салып, қарызды өтеттіру оңай.

Тағы бір жайт. Мизамғалиеваның айтуынша, халық пен бизнеске жылу төлемақысының мөлшерін шектеудің резонанстық шешімін монополистер емес, ТМРАД ұсыныпты.

– Неліктен халық кәсіпкер секілді төлеуге тиіс? Біздің міндетіміз – жылу энергиясының үнемді пайдаланылуына себепші болу, - деп есептейді ол.

Сонда, атыраулық кәсіпкерлердің Оралдағы әріптестеріне қарағанда жолдары болыңқырамағаны ғой. Ол жерде ЖЭО ішінара мемлекетке тиесілі, қала әкімі сол жердегі ТМРАД-тың осындай шешімін жойған еді. Ал біздің ЖЭО жеке қолда, шамасы оның құрылтайшыларына жергілікті биліктің тісі батпайтын болуы керек.

Бәлкім, ТМРАД «өтем ишарасы» ретінде қоғамдық белсенділерді сараптама кеңесіне енгізген шығар. Дегенмен, қазіргі отырыс жылу берушілермен диалогтың бола қоймайтындығын көрсетті. Сараптама кеңесінің құрамында жылу технигі мамандарының жоқтығы да істі қиындатып отыр. Қатысушылар өз араларында осы саладағы тәуелсіз мамандар болмайынша, мұндай кездесулердің тиімсіз екенін ашық айтты. Осындай проблеманың басқа аумақтық ТМРАД-тарда да, Агенттікте де бар екеніне күмәнім бар. Бәлкім, сондықтан да бізге тарифтерді монополистер ұсынатын шығар.

 

…АЛ ЖАУАП ЖОҚ

20 тамызда Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының «Табиғи монополия субъектілерінің жылу энергиясымен жабдықтау жөніндегі реттеліп көрсетілетін қызметтеріне тарифтер есептеу әдістемесін бекіту туралы» бұйрығының жобасын талдай отырып, «Атамекен» ҰЭКП сарапшылары ТМРАД тарапына теріс қорытынды жолдады. Атап айтқанда, олар белгілі бір есептеу формулаларына ұқсас өлшем мен формадағы, бірақ түрліше толатын аспаптағы және нормативті жылу тұтыну көрсеткіштерін қолданудың дұрыс еместігін көрсеткен. Бұдан басқа, олардың пікірінше, нормалау әдістемесі әлденеше есе «ықшамдалған» және «дөңгеленген» анықтама мәліметтерін нақты ақиқаттан көрінеу бұрып қолдануды қарастырады. Құрылыс нормалары мен ережелерінде қатарлы, бұрыштық және бүйірлі секциялар, бірінші және ең жоғарғы қабаттар, әйнектелу деңгейі мен түрі бойынша қосымша дифференциалдаумен бірге ғимараттардың түрлі типінің (кірпіш, керамзитобетон, панельдер) жылу тұтыну анықтамалық мәліметтері бар. Үлестік жылу тұтынудың қала, облыс үшін қандай да жалпы көрсеткішін қолдану әрекеті осындай «нормалауды» төлемді долбармен аса көтеріп жіберетін әкімшілік абстракция түріне ауыстырады.

«Атамекен» сарапшылары тарифтер бойынша қоғамдық тыңдауларды монополистер емес, ТМРАД өткізулері тиіс деп есептейді. Шамасы, монополистер өздерін қожайын сезінбесін десе керек. Өйткені, монополист емес, монополияға қарсы қызметкерлердің жұртшылыққа олар өткізген сараптама туралы және тарифтің кезекті көтерілуі не үшін қажет екенін хабарлағаны қисынды ғой.

Жылу есептегіштер бойынша бүкіл үйге мәліметтерді түсірудің бірыңғай хаттамасы, тексеру мен реттеудің жалпы жүйесі бар жылу есептегіштің бір типті аспаптарын орнату жөніндегі кешенді бағдарламаны қабылдау ұсынылды. «Атамекен» ТМРАД төрағасы Мұрат ОСПАНОВҚА бұйрық жобасына осы және басқа да түзетулер жазылған хатты төрт мәрте жолдады. Бірақ 2013 жылдың 30 қаңтарында ТМРАД пен «Атамекен» ҰЭКП арасында жасалған меморандумға қарамастан, бұл түзетулер еленбеді. Қалай дегенмен де, ТМРАД үкімет үшін өткізбек болып отырған «Табиғи монополиялар туралы» заңнаманы жетілдіру бойынша қорытынды таныстырылымда «Атамекен» ұсыныстары жоқ. Оның үстіне, тезистер қарама-қайшы. Мәселен, табиғи монополия субъектілерінің техникалық және қаржылық сараптар ұсыну міндеттемелерін жою, аудит жүргізу. «Атамекен» тиімді тариф саясатын жыл сайынғы пайдалану және инвестициялық аудит жағдайында ғана өткізуді қолқалаған еді.

«Атамекен» ТМРАД-тың монополист табысын «тозу мен шығынның қолайлы деңгейіне жеткенше» тек инвестициялық бағдарламаға бағыттау керек деген ұсынысымен де келіспеді. «Атамекен» сарапшыларының пікірінше, «тозу мен шығынның қолайлы деңгейі» әлі анықталған жоқ, тозу деңгейін анықтайтын әдістеме де жоқ. Өз атымнан қосарым, осы теорияны басшылыққа ала отырып, тарифті көтеру есебімен ұзақ уақыт бойына жаңғыртумен айналысуға болады. Монополистердің тәбеті күн сайын арта түсуде, ал ТМРАД бұған кедергі емес екен.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суретті түсірген автор

12 қыркүйек 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.