Атырау, 26 қараша 06:40
 ашықВ Атырау -1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Қалиеваға қарсы Қалиев

2 765 просмотра

«АЖЭО» АҚ-ның президенті Мұхаметқали ҚАЛИЕВ тұтынушы Мәншүк ҚАЛИЕВАМЕН арадағы сот ісінің кезекті кезеңін ұтты. Екінші тараптағы сот ауданаралық мамандандырылған экономикалық соттың одан жылу бойынша қарыздарының қалдығын өндіру туралы шешімін күшінде қалдырды: ол қаңтар, ақпан және сәуірдің бір бөлігі үшін кезінде монополистке ауданы 60 шаршы метр пәтер үшін 105 мыңнан аса теңге төлеген, алайда әлі 40 мың теңге қалып отыр.

КҮМӘНДІ ТАРИФ

Жалпыүйлік жылу есептегіштері жоқ үйлерде (мұндай үйлер Атыраудың 90%-ынан астамын құрайды)  бизнестері орналасқан жеке кәсіпкерлер үшін жылу беру қызметтерінің тарифін монополист заңды тұлғалар тарифіне даулы теңестіріп, бұл сан бүгінде 1 Гкал үшін 14,4 мың теңгені (ҚҚС қосқанда) құрайды. Осылайша, 60 шаршы метрлік пәтерді жылыту Қалиеваға айына 43 мың теңгеге шықты – бұрынғыдан бір жарым есе қымбат. Қалиеваның бизнесін жапқанына көп уақыт болған, нақтырақ айтсақ, ол өзі жабылып қалды – пәтерін шаштараздық қызмет көрсету үшін жалдап отырған кәсіпкер әйел АЖЭО-дан алғашқы түбіртекті алған бойда қашып кетті: шарт бойынша ол коммуналдық қызметтерді өзі төлейтін, алайда жылуға мұндай төлем төлеу ісін күйрететінін бірден түсініп, жинала қойды. Сондықтан да пәтері табыс әкелмесе де, жылу ақысын Қалиева төледі.

- Ақша тапқан бойда мен төледім, артынан бұл жылу үшін лайықты баға ма деп ойланып қалдым, - деп Мәншүк қарыздың пайда болғанын түсіндірді. – Бұл тарифке басқа да кәсіпкерлер наразылықтарын білдіре бастады, газет беттерінде осы мәселе туралы мақалалар шықты, осыдан кейін мен төлеуден бас тарттым. Мен монополист қызметтеріне төлем төлеуге қарсы емеспін. Менің қол жеткізгім келетіні – ҚР заңнамаларына сәйкес әділетті тарифтермен төлеу. Тағы да қайталап айтайын, АЖЭО АҚ қолданып отырған әдістемелер заңсыз, осы қолданыстағы тарифтердің зардабынан жеке кәсіпкерлер ауыр шығындарға ұшырап, шағын бизнес күйреудің аз-ақ алдында тұр.

Сот ісін тыңдау барысында Қалиева, бірінші отырыста-ақ, шағым берушінің 2010-2013 жылдарға арналған жылу қуатын шығару бойынша есептеу әдістемесін шығыс деректерін салыстыру үшін сот алдына ұсыну үшін жазбаша өтініш берді. Алайда АЖЭО сотқа салыстыру актілерін, айналыс ведомствосын және бекітілген тарифтерді ғана ұсынды, алайда осыларды енгізгенде сүйенген есептеулерді де, әдістемені де көрсете алмады.

- Осы қолданылып отырған әдістеменің заңды екендігіне күмәндануым Алматы қалалық соты кассациялық алқасы Алматы қалалық сотының азаматтық және әкімшілік істер бойынша апелляциялық алқасының 2013 жылғы 20 маусымдағы шешімінің күшін жойып, кері қайтарғаннан кейін арта түсті. Бұл «Nord West» тұтынушылардың құқығын қорғау Алматы қалалық қоғамының»  жылу қуатын есептеу аспаптары жоқ тұтынушылар үшін дифференциалды тарифтердің енгізілуінің заңсыздығы жөніндегі шағымы бойынша жасалды. Тамызда осы азаматтық іс кері қарауға жіберілді.

 

«ЖЫЛУ МЕН ЖАРЫҚ– ЕКІ ТҮРЛІ НӘРСЕ!»  

Жылу берушілер қолданып, тұтынушыларды әр тобына арналған саралауды негіздеп жүрген «коммерциялық мақсаттағы жылу қуаты» тұжырымы ақылға сыймайтын дүние екендігіне Қалиев сияқты «Дәнекер» ҚБ-нің мүшесі Макс БОҚАЕВ та сенімді.

- Жеке кәсіпкерге тиесілі орынжайға жылу беруге арналған жылу қуаты кәсіпкерлік мақсатқа емес, тек тұрмыстық қажеттілікке ғана қолданылады. Яғни, кәсіпкер берілген жылудан тек өз клиенттерінен орынжайға кіруге ақша алса ғана табысқа ие бола алады. Келісіңіз, бұл мүлдем ақылға сыймайды ғой, - дейді Боқаев. – Бұл жағдайда жылу және электр қуатының айырмашылықтары бар. Мәселен, жеке кәсіпкер электр қуатын сатып ала отырып, оны белгілі бір өнімді өндіруге немесе бір қызметті көрсетуге қолданады және табыс табу үшін өніміне қосымша құн қосады. Жеке кәсіпкер Мәншүк Қалиева жылу қуатын сатып алып, қолданудан қалайша пайда көре алады?! «Қалиев Қалиеваға қарсы» ісі бойынша тыңдауға дайындық барысында біз кейбір нормативтік актілерді зерделеп, ҚК-ның «Электр қуаты туралы» заңында және Жылу қуатын пайдалану ережелерінде (ҚР Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің 20.01.2005 күнгі №10 бұйрығымен бекітілген) жеке кәсіпкерлер тұтынушылардың ерекше санатына бөлінбегенін анықтадық (электр қуатын тұтыну ережелерінде де). Бұл ҚР Жоғары сотының 23.12.2005 күнгі №9 «Жылу және электр қуатын тұтыну бойынша қарыздарды өтеуге байланысты заңнамаларды соттардың қолдануы туралы кейбір мәселелері» нормативтік қаулысында да расталады, нақтылап айтсақ, «Егер құқықтық қатынастар мәнінде жеке кәсіпкер тұтынып отырған қуатын кәсіпкерлік қызмет мақсатында қолданбаса, оны төлеуде қуатты тұрмыстық тұтынғаны үшін ғана міндеттемелерді орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылуы керек». Яғни, жеке кәсіпкерлер факт бойынша – тұрмыстық қолданушылар.

 

АҚТАУДЫҢ ТӘЖІРИБЕСІ ӨЗГЕЛЕРГЕ ҮЛГІ БОЛСА

Қалиев шағымданушының талаптарымен келіспейді және жоғары тұрған сот тарабына кассациялық шағым беру құқығын қолданбақ. Өйткені ол жылу тұтынуды есептеу, тарифтерді есептеу әдістемесімен, дифференциалдық тарифтер енгізумен келіспейді. Айта кетсек, бұл тек Қазақстанның бірнеше облыстарында ғана енгізілген. Маңғыстау облыстық Табиғи монополияны реттеу агенттігінің департаменті де үйлердің жылу есептегішпен қамтамасыз етілу принципі бойынша дифференциалдық тарифтерді енгізуге келісім берген, алайда облыстық билік тыйым салған. Макс Боқаевтың Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Маңғыстау облыстық департаментіне жіберген сұранысына келген жауаптан: «ҚР ТМРА төрағасының 10.05.2012 күнгі №101-ОД «Жылу қуатымен қамтамасыз ету бойынша табиғи монополиялар субъектілерінің реттелетін қызметтеріне тарифті есептеу әдістемесін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, «МАЭК-Қазатомпром» ЖШС жылу қуатымен қамтамасыз ету қызметтерінің дифференциалдық тарифтеріне есептеулер жүргізді. Алайда Маңғыстау облысы әкімдігі тарапынан ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігімен келісе отырып, 2012-2013 жылу беру кезеңіне бұл тарифтерді қолданбау жөнінде ұсыныс берілді, өйткені Ақтау қаласының көптеген абоненттерінде жалпыүйлік жылу есептеу аспаптары жоқ». Естеріңізге салсақ, Атырауда мұндай үйлер 90 пайыздан асса да, бұл АЭЖО-ға да, билікке де кедергі болған жоқ. Боқаев, сондай-ақ, Қазақстанның ең суық деген өңірлеріндегі басқа облыстардың ТМРА департаменттеріне де сұраныс жіберді. Назар аударайық:

СҚО. Солтүстік Қазақстан облыстық ТМРА жылу есептегіштердің бар болуына немесе жоқ болуына байланысты жылу қуатымен қамтамасыз ету бойынша дифференцияланған тарифтерді бекітпеген.

Астана. Жылу қуатын есептеу аспаптарымен қамтамасыз етілмеген үйлерде жылу қолданатын «басқа да тұтынушылар» үшін (астанада жеке кәсіпкерлер осы топқа енгізілген) қала әкімдігімен келісілген дифференциалды тариф 50%-ға арттырылғаннан кейін 3,4 мың теңге/Гкал-ды құрайды (ҚҚС қосқанда).

Ақтөбе.Бұл облыстың депар-таменті дифференцияланған тарифтер енгізілмегенін және бекітілмегенін хабарлады.

БҚО. Оралда ТМРАД дифер-ренцияланған тарифтерді бекітті, есептеу аспаптары жоқ «басқа да тұтынушылар» үшін өсім 2,9 есе1 Гкал-ға 7,7 мың теңгені құрады.

Атыраулық бағаны естеріңізге салайын, 1 Гкал үшін - 14,367,33 теңге.

«Дәнекер» ҚБ таныс ақтаулық кәсіпкерлерден жылу маусымында алған жылу ақысын төлеу түбіртектерін жіберуді өтінген. Бұларға қарап отырсақ, Мәншүк Қалиева сияқты ақтаулық кәсіпкер, назар аударыңыздар, ауданы үлкен өз пәтері (80 шаршы метр) үшін бізден 21,5 есе төмен 2 091 теңге төлейді. Мен өз қызметімнің түрі бойынша бейтараптық танытуым керек болса да, бұл жолы, кешіріңіз, редактор, шыдай алмадым: das ist Fantastisch, мырзалар.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

12 қыркүйек 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.