
Ақтауда тамыз айында өткен өңірлік білім қызметкерлерінің дәстүрлі конференциясында Маңғыстау облысының әкімі Нурдаулет Қилыбай тың жаңалық жасады. Келесі жылы аймақта дрон-таксилерді іске қосу жоспарланғанын хабарлады, деп жазады Lada.kz.
Конференция «Білімнің болашағы: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында өтті. Оған облыс әкімі Нурдаулет Қилыбай, ҚР Білім министрлігі орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев, Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау, танымал қазақстандық және шетелдік спикерлер, сондай-ақ 700-ден астам білім ұйымдарының басшылары мен саланың қызметкерлері қатысты.
Өңір басшысы инновациялық көліктерді енгізу жоспары туралы сөз сөйледі. Оның айтуынша, дрон-таксилер Ақтаудан облыстың негізгі туристік нысандарына жолаушыларды тасымалдау үшін қолданылатын болады.
Сонымен қатар, әкім осы оқу жылынан бастап үш жыл ішінде арнайы дайындықтан өткен 50 мектеп директоры тәжірибе алмасу мақсатында Сингапур мен Қытайға жіберілетінін, ал 30 оқушы АҚШ-та оқуға жіберілетінін айтты.
Lada.kz редакциясы Маңғыстау әкімдігіне дрон-таксилер жобасының егжей-тегжейін, іске қосу мерзімін және олардың қолдану тәртібін нақтылау туралы сұрау жолдады. Әкімдік бұл сұраққа қатысты толық түсініктемелерді кейінірек беретінін хабарлады.
В Атырау +2