Атырау, 6 желтоқсан 00:00
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.65
€ 582.89
₽ 6.47

​«Біз бір дәуірде өмір сүреміз, елдің болашағына бірге жауаптымыз» - Тоқаев

455 рет қаралды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияның 30 жылдығына арналған конференцияда сөз сөйледі

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Конституция және мемлекеттілік: құқық пен болашақ диалогы» атты ғылыми-практикалық конференцияда сөз сөйлеп, Конституцияның қабылданғанына 30 жыл толуын атап өтті.

Мемлекет басшысы бүгінгі жиынның тарихи маңыздылығына тоқталып, Конституцияның тәуелсіз Қазақстан үшін мызғымас негіз екенін айтты. 

«Бүгінгі жиынның мән-маңызы ерекше. 30 жыл бұрын бүкілхалықтық референдум арқылы еліміздің Конституциясы қабылданды. Бұл тарихи сәт болды. Шын мәнінде, Ата заңнан биік ештеңе жоқ. Конституция — мемлекеттігіміздің тұғыры, Тәуелсіздігіміздің айнымас темірқазығы», — деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ халқының заңға деген құрметін атап өтіп, тарихи дәстүрлердің қазіргі Конституциямен сабақтастығын атап көрсетті. Ол Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Әз Тәукенің Жеті Жарғысы сияқты үлгілер арқылы қазақ елінің заң мәдениетінің терең тамыры бар екенін жеткізді.

«Біз бәріміз төл тарихымызға, қазақтың қайта жаңғыру дәуіріне өкіл ретінде енуіміз керек. Себебі бәріміз бір дәуірде өмір сүреміз және еліміздің болашағына бірдей жауаптымыз. Біздің ұрпақ үлкен жетістікке куә болып, дамыған, құқықтық елде өмір сүруі тиіс. Бұл — біздің тарихи борышымыз. Осы мақсатқа жету үшін біз Әділетті, Таза, Қауіпсіз және Қуатты Қазақстанды құрып жатырмыз. Бұл — ұлттық идеология», — деді Президент.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрақтылықты сақтау және қоғамдық келісімді қамтамасыз ету Қазақстанның басты міндеттері екенін атап өтті.

«Қазақ елінің қастерлі төлқұжаты — Конституциямыздың әр бабы мүлтіксіз орындалуы тиіс. Бұл — баршаға ортақ міндет», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент 8 қыркүйекте халыққа Жолдауын жариялайтынын айтып, елдің экономикалық және әлеуметтік саясатына қатысты маңызды мақсат-міндеттерді таныстыратынын жеткізді.

Конференцияда Конституцияның алғашқы жобаларын әзірлеуге қатысқан азаматтар мен соңғы конституциялық реформаларға үлес қосқан бұрынғы депутаттар мен белгілі ғалымдар да қатысты. Мемлекет басшысы оларға алғысын білдіріп, бір топ азаматты мерекелік медальдармен және мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы шешім қабылдағанын хабарлады.

«Конституциямыздың 30 жылдығы — еліміз үшін тарихи маңызы бар кезең. Конституциямыздың айбыны асқақ болсын!» — деп түйіндеді Президент.

29 тамыз, 13:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.