
Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) Қазақстандағы «Климатқа төзімді су ресурстарын дамыту» жобасының аясында халықаралық консультант болады. Ынтымақтастықтың егжей-тегжей мәселесі Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің БҰҰДБ-ның ҚР-дағы тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниямен кездесуінде талқыланды.
Ислам даму банкі қаржыландыратын жобаның бірінші кезеңінде 4 жаңа су қоймасын салу, қолданыстағы 4 су қоймасын және 115 каналды реконструкциялау көзделген. Биыл шілде айында Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Ислам даму банкі жобаға БҰҰДБ-ны халықаралық кеңесші ретінде тарту жөнінде шешім қабылдаған болатын.
Нұржігітовтың айтуынша, БҰҰДБ-ның қатысуы жобаны жаңа деңгейге шығарады. Ислам даму банкі қаржыландыратын жұмыстар су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасын іске асыруға бағытталған.
"Жобаны сәтті орындау үшін нормативтік-құқықтық база жаңартылды, қажетті институттар құрылды, қаржы көздері тартылды. Енді қолға алынған жұмысты соңына жеткізу қажет. Ынтымақтастығымыз тұжырымдамада белгіленген мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік береді деп сенеміз», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Бұған дейін Ислам даму банкі Астанада су саласын дамыту жобаларын тиімді жүзеге асыру үшін сатып алу, қаржы менеджменті, адалдық және этика мәселелері бойынша оқыту семинарларын өткізген болатын.
В Атырау +2