
Атырау облысында осы жылы жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде 19 779 дана акциздік маркасыз темекі өнімі анықталды.
Бұл туралы облыстық Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мәліметіне сүйеніп Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
Заңсыз өнімдер Атырау облысында заңсыз темекі өнімдерінің айналымына жол бермеу бағытындағы жұмыстар барысында анықталды. Аталған деректер бойынша жинақталған материалдар сотқа жолданып, іс оң шешімін тапқан. Сол арқылы дүкен сөрелеріндегі заңсыз темекі өнімі жойылды.
- Заңсыз өнім айналымы салық түсімдерінің азаюына ғана емес, халықтың денсаулығына да қауіп төндіреді. Осыған байланысты акциздік маркасыз өнімдерді өткізуге және тұтынуға қатаң тыйым салынған, - деді Атырау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы Бекболат Анесов.
Сондай-ақ мамандар тұрғындарды заңсыз өнім айналымын байқаған жағдайда құзырлы органдарға хабарласуға шақырады.
В Атырау +2