Атырау, 6 желтоқсан 00:49
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

​Құммен алысқан ауыл: Исатайдағы тоқтаусыз күрес

327 рет қаралды

Нарын құмының құрсауында отырған Исатай ауылында құмнан қорғанудың түрлі жолдары қарастырылған. Құм төбешіктері бұрынғыдан сирегенімен бәсеңсіді деп айтуға болмайды, күрес жалғасып жатыр. 

Исатай ауылының басты проблемасы - құм. Ауыл Нарын құмында орналасқан, құм жыл сайын «көшіп» отырады. Шағыл құмдар ауыл ішінде үйіліп тұрғандықтан үйлерді біркелкі көру мүмкін емес, төбешіктер қалқалқалап тұр. Ауылда асфальт жол жоқ, мүмкін керек емес пе, өйткені жауынды күндері де мұнда балшық деген мүлдем болмайды. Ал ыстық күндері борпылдақ құммен жүру өте қиын. Жел күндері құм борап, көз көрсетпей, жолдар мен үйлердің тасасына демде кішігірім тау болып үйіліп қалады. 

-Табиғаты қатал бұл өңірде құммен күрес тоқтаған емес, жыл сайын тонналаған құм далаға шығарылады. Ал уақтылы шығармаса жолдар мен үйлерді басып қалу қаупі бар, сол себептен құмнан аршу қалыпты жұмыс біз үшін. Жергілікті тұрғындар табиғаттың осы аумалы-төкпелі кезінде төзімділік танытып келеді. Ауыл әлеуметтік даму көрсеткіші жоғары елді мекендер санатына жатқызылған, - дейді Исатай округінің әкімі Асылан ҒҰБАШ.

Биыл бюджеттен 1 млрд 896 млн теңге бөлініп, конкурс қорытындысы бойынша «К.К.М» ЖК 1 млрд 692 млн теңгеге ұтып алып, 3 мың тоннадай құмды шығарып тегістеген.  

Сексеуіл өспей тұр

Елді мекенді құмнан сақтап, оны тоқтату үшін сексеуіл жақсы қорған болатыны ғылыми түрде дәлелденген. 2021-2022 жылдары құм тоқтату мақсатында Атырау облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының тапсырысымен «Гемакасес» ЖШС-і ауылдың шығыс және батыс беттеріне сексеуіл егу жұмыстарын жүргізген. 2021 жылы ЖШС 4,5 гектар жер телімін алып қоршау жұмыстарын жүргізсе, 2022 жылы тағы да 4,5 гектарды алып сексеуіл егеді. Жалпы 9 гектарға 2675 түп сексеуіл егу істері жүргізілген. Сексеуіл шығып өсіп кетуі үшін алдымен қамыс қоршау (шарбақ) жүргізіледі. Бүгінде ауылдың шығыс жағындағы шарбақтарды түгелдей құм басса, ал батыс бетіндегі шарбақтың да кейбір бөлігін құм басып құлап жатыр. 

Сексеуілдің кейбірі шыққанымен 20 см аспайды, ол құмға қорған болмасы белгілі. Екі мыңнан асатын сексеуілдің 30 пайыздайы өспей, қурап кеткен. Жергілікті тұрғындар сексеуілді еккенімен оны уақтылы күтіп ұстамаудың салдарынан шықпай қалғанын жеткізді. 

- Ауыл үшін сексеуіл жақсы қорған болғанымен оны суармағанының кесірінен шықпай қурап кеткен. Сол себептен еккен ЖШС-нен жауапкершілік талап етілуі керек қой, оны егу үшін бюджеттен қарайған қаржы бөлінді емес пе. Жалпы сексеуілді ауыл айналасына көптеп егу керек, ол болмайынша ауыл бір күні құм құрсауынан шықпай қалады, - дейді тұрғындар.

Исатайға ауыз су мен газ келіп тұр. Жергілікті халықтың негізгі кәсібі теміржол саласы мен мал шаруашылығы. 320 үйде 1433 адам тұрады. Жастар ауылдан кетіп жатыр, көшіп келіп жатқан адам жоқ. Еңбекке жарамды 467 адам болса, оның 68-і өзін-өзі қамтып отыр, жұмыссыздар бар, олар ресми түрде тіркелген. Округте 3016 қой-ешкі, 1615 ірі қара тіркелген.

Жергілікті тұрғындар құммен күреске миллиондар жұмсалғанымен, нақты нәтиже аз екенін айтады. Шенеуніктер мыңдаған тонна құм шығарылып, сексеуіл егілгенін баяндай бергенімен, құм үйілген төбелер аз болса да, құм көшкіні тоқтамай тұр. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

28 тамыз, 09:57

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.