
Ішкі істер министрлігі елді мекендерде көлік жылдамдығының шекті мөлшерін азайтуды қарастырып жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы жол-көлік апатының өскені және жолдағы балалар қауіпсіздігі бойынша сұрақтарға жауап бергенде Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев хабарлады, деп жазады Тенгриньюс.
Оның сөзінше, жыл басында жол апатының күрт өсуі жолдағы жағдайдың нашарлауына емес, есеп жүргізу ережелерінің өзгеруіне байланысты болған. Қазір өсім қарқыны үштен бірге азайған.
Дегенмен мәселе әлі де өткір күйінде қалып отыр: жарты жылдың ішінде елде 15 698 жол апаты тіркеліп, 22 мыңнан астам адам зардап шеккен, олардың 955-і қаза тапқан. Әсіресе балаларға қатысты көрсеткіш алаңдатады: жараланғандар 74%-ға, қаза тапқандар 7%-ға артқан.
Сұлтанбаевтың айтуынша, апаттардың басты себебі – жылдамдықты асыру. Жылдың алғашқы жартысында ғана 3 миллионнан астам осындай жағдай тіркелген. Нәтижесінде осы себептен 270-тен аса адам көз жұмған.
Қаладағы рұқсат етілген жылдамдықты төмендету мәселесі парламент демалысынан кейін депутаттармен талқыланбақ. Соңғы шешім ІІМ жариялаған «Профилактика жылы» аясында қабылданады.
В Атырау +2