
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровты «Алтын Қыран» орденімен марапаттады. Марапаттау рәсімінде мемлекет басшысы Жапаровты қырғыз халқын алға бастап келе жатқан көреген көшбасшы, білікті саясаткер деп бағалады.
– Қырғызстанды өркендету жолындағы қажырлы еңбегіңіз жоғары бағаланады. Сіздің бастамаларыңызбен түрлі салада тың жобалар жүзеге асырылып, әлеуметтік, ғылым-білім жүйесінде ауқымды өзгерістер жасалуда. Мұның барлығы ел экономикасын нығайтып, халықаралық аренадағы беделін арттыра түсетіні сөзсіз, – деді Тоқаев.
Президент сонымен қатар Қазақ пен қырғыздың бауырлас халық екенін, екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. – Бірлескен күш-жігеріміз қазақ-қырғыз ынтымақтастығына жаңа серпін берді. Сіз бұл іске өлшеусіз үлес қосып келесіз, – деді ол.
Садыр Жапаров Қазақстанның жоғары мемлекеттік наградасын қабыл алып, бұл сый-құрметті Қырғыз еліне көрсетілген құрмет ретінде қабыл алғанын жеткізді. Сонымен қатар, ол екі елдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастығының одан әрі нығайтылатынына сенім білдірді.
В Атырау 0