
Атырау мен Батыс Қазақстан облыстары шекарасында газ құбырының құрылысы кезінде траншеяда құстардың қырылуына байланысты тергеу жүргізіліп жатқаны белгілі болды.
БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рахимжановтың айтуынша, бұл іспен Жаңақала аудандық полициясы айналысуда. Инспекция материалдарды сол жаққа жолдаған. Оның сөзінше, жергілікті белсенді Бауыржан Заки «Интергаз Орталық Азия» АҚ жұмысшылары «ҚазТрансГаз» АҚ-ына газ құбырын тарту барысында соншалықты қатыгездікке барып, балапандарды тірідей көміп тастағаны рас па, соны тексеруді сұраған.
«Интергаз Орталық Азия» АҚ өз ішкі комиссиясын құрғаны белгілі болды. Кейін компания мамандары: «Құбырларды траншеяға көмген кезде құстар болған жоқ. Қалған тергеуді полиция жүргізеді», — деп мәлімдеді.
Бауыржан Заки ведомствалардың оның өтінішіне берген жауаптары бір-біріне қайшы келетінін айтты. Айтпақшы, ол экология министрі Ерлан Нысанбаев пен бас прокурор Берік Асыловқа жолдаған хатында «Интергаз Орталық Азия» АҚ мен мердігер компанияларды заңсыздыққа қатысы бар деп көрсетіп, кінәлілерді жауапқа тартуды талап етті.
24 шілдеде Б. Заки Көпжасар ауылы мен Серік ауылы маңында қарлығаш пен қарақұстың қырылуы фактілері бойынша тексеріс жүргізуді сұрады. Оның айтуынша, траншеялар уақытында көмілмей, ашық жатқандықтан, құстар сол жерге ұя салған.
Ол мердігерлердің әрекетінде ҚР Қылмыстық кодексінің 316-бабына («Жануарға оның өліміне алып келген қатыгездік») сәйкес қылмыс белгілері бар деп есептейді.
«ҚР Конституциясының 38-бабына сәйкес, азаматтар табиғатты қорғауға және табиғат байлықтарына ұқыпты қарауға міндетті», – дейді Заки.
13 тамызда белсендіге экология министрлігі "тергеу амалдары жүргізіліп жатыр" деп жауап берген. Ал 14 тамызда Жаңақала аудандық полициясы "қылмыстық құқық бұзушылық белгілері анықталмағандықтан, арызыңызды қараусыз қалдыру туралы шешім қабылданды», – деп жауап берген.
БҚО полиция департаментінің баспасөз хатшысы Нұржан Қуанғали бұл факт бойынша қылмыстық іс жүргзіліп жатпағанын растады.
Еске сала кетейік, Индер ауданының экскаваторшысы Асқар Иманғали жұмысты тоқтатуға тырысқан болатын. Ол траншеяның ішінен шырылдаған дыбысты естіп, жақындап барғанда ондаған кішкентай сұр қарлығаштың балапандарын көрген.
«Мен көме алмадым. Жұмыстан шығарып жіберсе де, оларды көме алмаймын», — дейді Асқар.
Ол бұл сәтті видеоға түсіріп, компания басшылығына жолдаған. Теңіз кен орнында осындай жағдайда шетелдік мамандардың құрылыс жұмыстарын балапандар өскенше уақытша тоқтатқанын еске салған.
…Ақыры бүкіл «тергеу» бір-біріне қайшы жауаптарға тірелді. Белсенді мен куәгерлер бір нәрсені айтса, компания мен полиция басқа тұжырым жасайды. Экология министрлігі тексеріс жүріп жатқанын хабарлағанымен, аудандық құқық қорғаушылар қылмыс құрамы жоқ екенін мәлімдеді.
Шын мәнінде, негізгі сұрақтың жауабы жер астында жатыр. Ол жерде құстар болған-болмағанын білу үшін хат алмасу емес, күрек керек.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау 0