
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қоса қарыз алушыға қатысты құқықтар мен міндеттерді түсіндірді.
Қоса қарыз алушы – қарыз алушымен бірге кредит келісіміне қол қойып, оның орындалуына ортақ жауапкершілік алатын тұлға. Егер қарыз алушы төлемді өтемесе, банк қоса қарыз алушыдан қарызды толық немесе ішінара қайтаруды талап етуге құқылы.
Әдетте қоса қарыз алушы ипотека ресімдеу кезінде тартылады, мысалы, қарыз алушының кірісі жеткіліксіз болған жағдайда. Бұл кезде екі тараптың кірістері қосылып, кредитті мақұлдау мүмкіндігі артады. Дегенмен, қоса қарыз алушының жауапкершілігі қарыз алушының жауапкершілігіне тең: төлем мерзімі өтіп кетсе, банк қаражатты оның кез-келген шотынан ұстап қалуға, мүлкін өндіріп алуға немесе сотқа жүгінуге құқылы.
Кепілгерден айырмашылығы, қоса қарыз алушының табысы кредит сомасын есептеу кезінде ескеріледі, ал тәуекелі жоғары – қарызды толық көлемде өтеуге міндетті.
Қоса қарыз алушы болуды ойлаған адам мына жайттарды білуі керек:
-
Шарт талаптарын мұқият зерделеу;
-
Қарыз алушы төлем жасамаса, өз қаржылық мүмкіндігін бағалау;
-
Бірнеше қоса қарыз алушы болса да, кредит толық өтелмейінше міндеттемелер сақталатынын түсіну.
Қоса қарыз алушы болуға келісер алдында барлық тәуекелдерді бағалау өте маңызды. Олай жасамай басқа адамға кредит ресімдеуге қатысу күрделі қаржылық салдарға әкелуі мүмкін.
В Атырау 0