Атырау, 6 желтоқсан 05:49
 бұлттыВ Атырау 0
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

Қазақстандықтардың жартысы үш тұғырлы тіл саясатын қолдайды – сауалнама

171 рет қаралды

DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы қазақстандықтардың тіл саясатына көзқарасын анықтау үшін зерттеу жүргізген. Сауалнама 2025 жылдың 24 шілдесі мен 9 тамызы аралығында елдің барлық өңірінен 1100 азаматтың қатысуымен өтті. 

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, халықтың 33,8%-і тіл алуандығын сақтауды қолдайды, ал 30,8%-і қазақ тілін белсенді дамыта отырып, орыс және ағылшын тілдерінің рөлін сақтау қажет деп есептейді. Мансап пен кәсіби қызмет тұрғысынан ең қажет тіл ретінде азаматтардың басым бөлігі (80,1%) қазақ тілін атаған. Респонденттердің 35,5%-і орыс тілін, 23,8%-і ағылшын тілін маңызды деп көрсеткен.

Қатысушылардың жартысынан көбі (50,7%) үш тұғырлы тіл тұжырымдамасы (қазақ, орыс, ағылшын) Қазақстан үшін әлі де өзекті екенін айтты. 32,8%-і «өзекті шығар» десе, тек 12,7%-і бұл идеяны қолдамайтынын білдірді. Ал мемлекеттік тіл саясатының тиімділігін респонденттердің 47,2%-і «өте тиімді» деп бағаласа, 28,5%-і нәтижесіз деп санайды. Қанағаттанбағандардың үлесі орыстілді азаматтар арасында жоғары (33,6%).

Қазақ тілінің дамуына кедергі болып отырған негізгі факторлар ретінде сауалнамаға қатысушылар кәсіби оқытушылардың жетіспеуі (26,4%), халықтың ынтасының төмендігі (23,9%) және сапалы оқу құралдарының тапшылығын (21,5%) атады. Ал тілдің дамуына ықпал ететін шаралардың ішінде мектеп пен жоғары оқу орындарында оқыту сапасын арттыру (39,8%), мемлекеттік қызметкерлерге тіл білу талабын күшейту (26,6%) және ересектерге арналған тегін курстар ашу (25,3%) ең тиімді қадамдар ретінде көрсетілді.

Білім сапасына қатысты сұраққа жауап бергендердің 37,7%-і қазақ тіліндегі білімді сапалы деп санайды. 23,3%-і – орыс тілін, 4%-і – ағылшын тілін атаған. Қазақтілділердің басым бөлігі (53,5%) мемлекеттік тілде білім сапасы жоғары екенін айтса, орыстілділердің 45,3%-і орыс тіліндегі білімді артық санады.

Сауалнама телефон арқылы жүргізілді. Қатысушылардың 68,6%-і қазақ тілінде, 31,4%-і орыс тілінде жауап берді. Қате ықтималдығы – ±3%.

21 тамыз, 10:48

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.