
18 тамызда Атырауда электр энергиясы тарифін көтеру мәселесіне арналған жария тыңдау өтті. «Атырау-Жарық» ЖШС 1 қыркүйектен бастап жеке және заңды тұлғалар үшін тарифті өсіруді ұсынып отыр.
Компания директорының электр энергиясын сату жөніндегі орынбасары Тұрлан Дошатов мекеменің шығындары көбейгенін айтып, жаңа тариф жобасын таныстырды. Оның айтуынша, қазіргі кезде Қазақстан бойынша ең төмен тариф Атырау облысында белгіленген.
Қазір Атырауда жеке тұлғалар үшін тариф – 16,00 теңге/кВт∙сағ (ҚҚС-сыз), 17,92 теңге (ҚҚС-пен).
Көршілес облыстардағы тарифтер:
- • Ақтөбе – 22,33 теңге/кВт∙сағ,
- • Батыс Қазақстан облысы – 32,52 теңге/кВт∙сағ,
- • Ақтау – 23,15 теңге/кВт∙сағ,
- • Астана – 27,93 теңге/кВт∙сағ.
Ал заңды тұлғалар үшін Атырау облысында тариф – 40,20 теңге/кВт∙сағ (ҚҚС-сыз). Дошатов бұл республикадағы ең жоғары көрсеткіш емес екенін айтып, Ақтөбеде – 49,99 теңге, Ақмолада – 47,24 теңге, Түркістан облысында – 39,96 теңге екенін мысалға келтірді.
Жаңа тариф жобасы (1 қыркүйектен бастап):
- • жеке тұлғалар үшін – 22,29 теңге (ҚҚС-сыз),
- • заңды тұлғалар үшін – 45,03 теңге,
- • мемлекеттік мекемелер үшін – 59,66 теңгеден 71 теңгеге дейін,
- • ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін – 31,77–37,77 теңге,
- • орташа босату бағасы – 31,71 теңгеден 37,77 теңгеге дейін.
Тыңдау барысында қоғам белсенділері мен депутаттар қарсылық білдірді.
Мәселен, облыстық мәслихат депутаты Арман Хайруллин «Атырау өңіріне қанша экологиялық залал келіп жатқанын білесіз бе?» деп, компания өкіліне сын айтты. Белсенді Ғазиз Ғабдуллин тариф қымбаттаса, азық-түлік бағасы да өсіп, әлеуметтік шиеленіс туындауы мүмкін екенін ескертті.
Тұрғындар мен кәсіпкерлер «Атырау-Жарық» шығындарын көрсеткенімен, пайда мен дивидендтерді ашып айтпай отырғанын сынға алды. Кейбір қатысушылар жаңа мекеме құрып, бәсекелестік енгізу туралы ұсыныс айтты.
Жиында табиғи монополияларды реттеу департаментінің өкілдері де қатысып, тарифтің көтерілуі заңды негізде қаралып отырғанын жеткізді.
Алайда жиналғандар электр энергиясының сапасына, желілердің тозуына, жиі болатын өшірулерге және экологиялық зардаптарға тоқталып, тарифті көтеруге қарсы шықты.

Тұрғын үй маңында дүкені бар кәсіпкер Ләззат Досмағамбетова бұрын ай сайын электр энергиясына 150 мың теңге төлесе, былтыр желтоқсанда тариф қымбаттағаннан кейін төлемі 200 мың теңгеге жеткенін айтты. Оның сөзінше, тариф тағы өссе, тауар бағасы да қымбаттамақ.
«Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын 30 пайыздан асырмай қанша уақыт ұстап тұрамыз?» – деп ол сауал қойды. Сондай-ақ қосымша құн салығы 16 пайызға өссе, тауар құны одан әрі артатынын ескертті.

Қоғамдық тыңдауға тұрғындар мен кәсіпкерлер санаулы ғана келді. Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысы Арман Өтегенов тыңдау туралы хабарландыру Instagram желісінде бес күн бұрын жарияланғанын айтты. Алайда жарияланымды әлеуметтік желіден де, ресми сайттан да таба алмадық. Жиынға қатысқандардың сөзінше, олар бұл туралы тұрғындардың WhatsApp тобынан білген.

«Атырау Жарық» ЖШС директоры Мейірбек Ғұбашев кейін тілшілердің сауалына тарифтің не себепті көтеріліп отырғанын түсіндірді. Оның айтуынша, Азғыр өңіріне жеткізілетін Ресейдің «Интер РАО» ПАО компаниясының электр энергиясы қымбаттаған, «КЕГОК» АҚ қызметі мен «Атырау Жарық» ЖШС желілері арқылы жеткізілетін электр тарифтері де өскен.
«Меншігіміздегі нысандарға тоқ жеткізу үшін тозған трансформаторларды ауыстыру қажет. Сатып алу да қымбаттап отыр. Біз ұсыныс бердік, қазір оны “Бірыңғай сатып алушы” қарастырып жатыр. Қорытынды тарифтер бағасы 28 тамызда белгілі болады», – деді ол.
Атырау облысы жылына 1 млрд 800 млн киловатт сағат электр энергиясын тұтынады. Оның ішінде Азғыр өңіріне 78 млн киловатт сағат беріледі. «“Бірыңғай сатып алушы” қай станциядан энергия сатып алатыны әзірге белгісіз», – деді Ғұбашев.
«Тариф өскеннен кейін электр энергиясын жеткізу сапасы міндетті түрде жақсарады. Өйткені әр тарифтің құрамында күрделі жөндеуге, инвестициялық шығындарға, күнделікті эксплуатациялық жұмыстарға қаржы қарастырылады. Бұл жұмыстар ашық жүргізіледі, оларды тиісті мемлекеттік органдар қадағалайды. Инвестициялық бағдарламамызды Антимонополиялық комитет толық тексереді. Күрделі жөндеуді Атомдық және энергетикалық қадағалау комитеті бақылайды. Қазан айында бұл жұмыстарды аяқтап, нәтижесін ұсынамыз. Сондай-ақ күзгі-қысқы кезеңге дайындық паспорты беріледі», – деді «Атырау Жарық» директоры.
Тұрлан Дошатов тыңдау басында электр энергиясы бағасының өсуіне негіз болған себептерге нақты тоқталды. Оның айтуынша, тарифті көтеруге мәжбүр етіп отырған жайттар мынадай:
1. Электр қуатының жүктемеге дайын болуын қамтамасыз ету қызметінің бекітілген бағасы 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 1 МВт үшін 1 195 963 теңгеден 1 439 381 теңгеге дейін өсті, яғни 20%-ға немесе 243 418 теңгеге артты.
2. «Интер РАО» ПАО бойынша электр энергиясының бағасы 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 1 кВт/сағ үшін 6,3 рубльден 7,41 рубльге дейін, яғни 17,6%-ға қымбаттады.
3. «KEGOC» АҚ жүйелік қызметтер тарифтерінің өсуі (2025 жылғы 1 сәуір мен 1 қазаннан бастап):
- • Ұлттық электр желісін пайдалану – 2,002-ден 2,452 және 2,860 теңге/кВт·сағ дейін, сәйкесінше 22,5% және 16,63%-ға артты.
- • Техникалық диспетчерлеу – 0,351-ден 0,374 және 0,456 теңге/кВт·сағ дейін, сәйкесінше 6,6% және 21,9%-ға артты.
- • Өндіріс/тұтыну теңгерімі – 0,060-тан 0,064 және 0,086 теңге/кВт·сағ дейін, сәйкесінше 6,7% және 34,4%-ға артты.
4. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ электр энергиясын беру қызметінің тарифі 2025 жылы 1 қаңтардан және 1 сәуірден бастап 3,25-тен 3,66 және 5,41 теңге/кВт·сағ дейін көтерілді, яғни тиісінше 12,6% және 47,8%-ға өсті.
5. «Атырау Жарық» ЖШС-нің өңірлік желілер арқылы электр энергиясын беру қызметінің реттелетін тарифі 2025 жылғы 1 шілдеден бастап 9,96 теңгеден 13,01 теңгеге дейін, яғни 30,6%-ға артты.
6. 2024 жылы теңгерімдеу нарығындағы шығындардың жалпы сомасы 166 701 мың теңгеден 2025 жылдың алғашқы 5 айында 245 375 мың теңгеге дейін өсті.
Еске салайық, биылдан бастап «АтырауЭнергосату» ЖШС энергиямен жабдықтау ұйымы ретіндегі қызметін тоқтатты. Оның құрылтайшысы – «Энергоинвест ЛТД» ЖШС-нің 2025 жылғы 14 наурыздағы №1 шешімімен аталған компания «Атырау Жарық» ЖШС-ге қосылып, қайта ұйымдастырылды.
«Атырау Жарық» ЖШС 2025 жылғы 19 ақпанда берілген №25005111 лицензия негізінде энергиямен жабдықтау қызметін жүзеге асырады және электр энергиясын сатып алумен айналысады.
Айнұр САПАРОВА
Суреттерді түсірген автор
В Атырау 0