
Үржар ауданының (Абай облысы) Бестерек ауылында дәрігерлер жол апатынан зардап шеккен балалардың өмірі үшін күресуді жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Tengrinews.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, үш бала стационарда емделіп жатры. Оның біреуінің жағдайы өте ауыр, қалған екеуінің жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланды. Балаларда бас сүйек-ми жарақаты, ішкі ағза мен тірек-қимыл жүйесі зақымданған.
Қазір қыздардың біріне миға күрделі ота жасалып жатыр. Пациенттердің жағдайы тұрақтанғаннан кейін оларды санитарлық бортпен Астанаға тасымалдау мәселесі шешіледі.
"Балаларға медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр, елдің үздік мамандары кірісті, жағдай ерекше бақылауда", - деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.
19 тамызда Бестерек ауылында Toyota-ны тізгіндеген 55 жастағы жүргізуші жолдан бірнеше метр қашықтықта, үйдің қақпасының жанында тұрған бір топ баланы қағып кетті. Үш бала қаза тапты — екеуі оқиға орнында, біреуі ауруханаға барар жолда.
Апатқа кінәлі адам мас болмаған, ол ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық іс қозғалды, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үржар ауданына ұшақпен дәрігерлерді жіберуге бұйрық берді. Абай облысының әкімі Берік Уәли қаза болғандардың отбасыларына көмек көрсетуді тапсырды.
В Атырау 0