
Алматыда экологиялық санаты төмен автокөліктердің кіруін шектейтін жаңа экологиялық ережелер енгізілмек. Құжат "Ашық НҚА" сайтында қоғамдық талқылауға шығарылды, - деп хабарлайды Tengri Auto.
Кімдерге қатысты тыйым салынады?
Әкімдік мәліметінше, шектеулер Евро-5 және одан жоғары стандартқа сай келмейтін автокөліктерге қатысты болады. Мұндай көліктер үшін қала орталығына кіру ақылы болуы мүмкін, ал ауаның қатты ластанған кезінде олардың кіруіне мүлдем тыйым салынуы ықтимал.
Ескі көлікті сатып алу
Алайда ескі көлік иелерінде одан құтылуға мүмкіндік пайда болды. Әкімдік қала тұрғындарынан ескі көліктерді кәдеге жарату үшін сатып алуды ұсынды.
"2025 жылғы 1 қыркүйекке дейін Алматы аумағында тіркелген автокөлік құралдары кәдеге жарату үшін сатып алынуы мүмкін. Бұл бағдарлама аясында, басқа да шаралармен қатар, төмен экологиялық санаттағы автокөліктерді сатып алу құқы қарастырылған. Қаржыландыру "Аймаққа" кіру үшін төлем есебінен, сондай-ақ өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің операторы мен жергілікті бюджет қаражатынан жүргізіледі", – деді әкімдік өкілдері.
Жүйенің жұмыс жасау тәсілі
Әкімдік мәліметінше, автокөлік құралының аулада немесе автотұрақта тұрған уақыты "Аймаққа" кіру төлемін есептеу кезінде ескерілмейді. "Аймаққа" кіру төлемі фото-, бейнетіркеу камераларының деректері негізінде әр күнтізбелік күн үшін автокөлікті "Аймақта" пайдаланғаны үшін алынады.
Экологиялық жағдай
Алматыдағы ауа ластану мәселесі ең өткір мәселелердің бірі болып қала береді. Жақында Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев шұғыл шара қабылдау қажеттігін атап өтіп, электромобильдерге көшуді ынталандыруды ұсынды.
В Атырау 0