Атырау, 6 желтоқсан 06:42
 бұлттыВ Атырау 0
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

Бектенов ЕАЭО елдерімен сауда мен логистиканы дамытуға шақырды

790 рет қаралды

2025 жылғы 15 тамызда Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Шолпан-Ата қаласында (Қырғызстан) өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің (ЕҮАК) кеңейтілген құрамдағы отырысына және Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровтың ЕАЭО делегациялары басшыларымен ұжымдық кездесуіне қатысты.

Кездесу барысында Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше және бақылаушы елдердің экономикалық әлеуетін нығайту, халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту, өзара сауданы дамыту, Одақ нарығындағы кедергілерді жою және басқа да өзекті мәселелер талқыланды. Іс-шараға Беларусь Республикасының Премьер-министрі Александр Турчин, Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы Адылбек Қасымалиев, Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин, Армения Республикасының вице-премьері Мгер Григорян, Иран Республикасының бірінші вице-президенті Мұхаммед-Реза Ареф, Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Арипов, Куба Премьер-министрі Мануэль Марреро Круз (бейнебайланыс арқылы), сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев қатысты.

Отырыс аясында сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, мұнай-газ, цифрлық технологиялар, кедендік және биржалық қызмет, медицина мен фармацевтика, еңбек нарығы сынды салалардағы өзара іс-қимыл мәселелері қаралды. Қазақстан Премьер-министрі өз сөзінде ынтымақтастықты дамытудың басым бағыттарын атап өтіп, өзара сауданы кеңейту мен сыртқы экономикалық байланыстарды арттыру жөніндегі бірлескен шараларға назар аударды. Мемлекеттік сатып алуларға жеткізушілердің тең қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесі де көтерілді.

Көлік және логистика саласында өңірлік мүдделерді ескере отырып, баламалы бағыттар құрудың өзектілігі атап өтілді. Осы орайда өткізу қабілеті жылына 10 млн тоннаға дейін жүк тасымалдайтын «Тургунди–Герат» теміржолы жобасы келешегі зор бағыт ретінде ұсынылды. Сонымен қатар, ЕАЭО-ның үшінші елдермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығын кеңейту қажеттілігі айтылды. Қазақстан әртүрлі форматтағы серіктестермен өзара іс-қимылды тереңдетуді жақтайды.

Жиын барысында қатысушылар газ, мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын, сондай-ақ тауарлардың биржа нарығын қалыптастыруға қатысты баяндамаларды тыңдады. Биржалық сауда-саттықты дамыту бағдарламасы бекітіліп, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың ортақ нарығын дамыту тұжырымдамасы мақұлданды. Бұл құжаттар ЕАЭО шеңберінде сапалы әрі қауіпсіз өніммен қамтамасыз етуге бағытталған.

Кездесу қорытындысы бойынша климаттық күн тәртібін іске асыру, көлік дәліздерін цифрландыру, еңбек нарығындағы біліктілік талаптарының жақындасуы және басқа да мәселелер бойынша пікір алмасылып, 10 құжатқа қол қойылды. ЕҮАК-тың келесі отырысы 2025 жылғы 29–30 қыркүйекте Минск қаласында өтеді.

15 тамыз, 14:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.