
Атырауда өткен республикалық әлеуметтік кәсіпкерлік форумына елдің әр өңірінен келген көшбасшылар, сарапшылар, мемлекеттік органдар, бизнес, ҮЕҰ, БАҚ өкілдері және әлеуметтік кәсіпкерлер қатысты. Басқосуда қоғамға пайда әкелетін жобалар талқыланды, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Данияр Орынбасаровтың мәліметінше, биыл өңірде 30 әлеуметтік жобаға жалпы сомасы 160 млн теңге болатын мемлекеттік гранттар берілген. Қазір Атырауда 60-қа жуық әлеуметтік кәсіпкерлік нысаны халыққа қызмет көрсетуде.
— 2025 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша өңірде тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны өткен жылмен салыстырғанда 1,3%-ға өсіп, 69 335 бірлікке жетті. Оның ішінде белсенді жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар 64 323-ке жетіп, бұл көрсеткіш 2,3%-ға артты, — деді ол.
Форум барысында Ақтөбедегі «Derbes neurocentre» орталығының жетекшісі Сара Қазыбаева тәжірибесімен бөлісті. Ол 18-22 жастағы аутизмі бар жастарды жұмыспен қамтуды ұйымдастырып отырғанын айтты. «Autism. Доступная среда» қайырымдылық қорының президенті және аутизммен өмір сүретін ұлының анасы ретінде Қазыбаева инклюзивті «Derbes» шеберханасы, SPA жиынтықтарын өндіретін цех және сүйемелдеу арқылы жұмысқа орналастыру жобалары туралы баяндады. Қазіргі таңда өндірістік цехта төрт жас маман жұмыс істейді, ал 16 бала еңбек терапиясымен айналысып жүр.
Айта кетейік, биыл форум «Жарқыра» бағдарламасының 10 жылдығына орай өткізілді. «Теңізшевройл» ЖШС қолдауымен және «Әлеуметтік бағдарламалар мен инновациялар қоры» жүзеге асыратын бұл бағдарлама 2016 жылдан бері 82 әлеуметтік кәсіпкерге гранттар, пайызсыз қарыздар, менторлық қолдау және тағылымдамадан өту мүмкіндігін беріп келеді. Қазіргі таңда «Жарқыра» бағдарламасының түлектері жыл сайын Атырау облысының 30 мыңнан астам тұрғынына қолдау көрсетуде.
В Атырау +3 









