
Жуырда маған Анонимді араққұмарлар қауымдастығының жиналысына екі рет тыңдаушы ретінде қатысу мүмкіндігі туды. Бұл жерде ерлер мен әйелдер алкогольге тәуелділік тәжірибесімен және оның ауыр салдарларымен бөліседі. Олар осында келіп, бастан өткергендерін айтып, сауығуға жол іздейді. Барлығы тегін. Ең бастысы — өзіңді мойындау және өзіңмен жұмыс істеу.
Олар ішімдікпен күресте көп қиындық көрді — өздерін ұстай алмай, ұзақ уақыт бойы жеңе алмады. Олардың жолында — отбасылық жанжалдар, жақсы қарым-қатынастардың бұзылуы, жұмысынан немесе бизнесінен айырылу, байлықтан жоқшылыққа түсу, қайыр сұрау, ұрлық, өз-өзіне қол жұмсау туралы ойлар, қарыздар, төбелестер, опасыздық… кездесті. Бұл жалғыздықтан туындайтын шарасыздыққа, қорқынышқа әкелді. Бұл тізімді жалғастыра беруге болады.
Бірақ әрқайсысын тыңдағаннан кейін біреуі дер кезінде, енді бірі өте кеш болса да өздерін тоқтатып, қолға алғандарын түсіндім. Ең бастысы, мейлі жылдар, айлар немесе күндер өтсін, бір-ақ сәтте «Мен батып барамын, шыңырауға кетіп барамын» деп, түйсіне алды. Қорқып, одан шығатын жолды іздейді бастады, сауығуға, тәуелділіктен шығатын жолды табуға ұмтылды.
Олардың бәрі менің замандастарым. Біз 90-жылдардың қиын кезеңінде өстік. Қайта құрудан кейін базарларда отбасын асырау үшін бәрін, тіпті суға езілген арақ пен арзан шарапты да сатуға мәжбүр болатын заман еді. Отағалардың көпшілігі ішімдікке бой алдырып, одан арыла алмады. Мүмкін, бұл да әсер еткен шығар. Балалар бәрін үйде көріп өседі ғой. Қатысушылардың екеуі отбасында қиын жағдай туса, әкелері «стресті басу» үшін ішімдікке жүгінетінін ашық мойындады. Олар үшін бұл дұрыс сияқты көрінген. Бірақ бұл тәуелділікке әкелген қателік еді.
Көпшілігі өз тәжірибесін айтып, бәрі алғашында «ойын-сауықтан» басталғанын айтты. Біреулер 16 жастан бастап құрдастарымен бірге арақ ішуді бастаған. Біреулері көңілдері құлазып ішсе, енді біреулері жалғыз қалудан қорыққан.
Сол күні мен қатысқан жиында жеті адам болды. Солардың екеуі — әйел. Мен бәріне сенім білдіргендері үшін ризамын. Барлық хикаялар анонимді түрде қатысушылардың рұқсатымен жарияланады. Шын мәнінде, топта жеті адамнан көп, бірақ қалғандары өз тәжірибелерімен бөліскісі келмеді.
Есімдері өзгертілген.
«Бұрын мен аяныш білдіру деген сезімді түсінбейтінмін…»
Бірінші болып Сахан өзі туралы айтты. Амандасып, есімін атап еді, тағдырлас жолдастары оның есімін хормен қайталап, қошемет көрсетті. Әр қатысушыға өзі жайлы айтуға бес минуттан уақыт беріледі.
Жиын бірден жеке әңгімелерден басталмайды — өзінің рәсімдері мен ережелері бар, олар 12 қадамдық бағдарламаға сүйенеді. Сондай-ақ, «12 дәстүр» деген де бар — бұл бірлестіктің өмір сүру ережелері. Ал 12 қадамдық бағдарлама — қатысушыларды сауығуға апаратын жол, олардың әр қадамы біртіндеп өтіледі. Бірақ бұл туралы кейінірек тоқталамыз.
Сахан соңғы он жылын тәуелділік тұтқынында өткізді — өсімдіктен алынған және синтетикалық есірткілерге, алкогольге тәуелді болды. Соңғы жылдары ол есірткіні бақылаусыз қолдана бастады. Ұзақ уақыт бойы өсімдік тектес есірткілер тәуелділік тудырмайды деп ойлады. Бірақ көп ұзамай ол дозасыз өмір сүре алмайтын халге жетті, үнемі есірткі қолданып, оған ақша табудың жолын іздейтін болды.
— Үйде, отбасыммен, жұмыста, демалыста болсам да — үнемі есірткіні қайдан және қалай табуға болатынын іздейтінмін. Бір кезде бәрі тым нашарлап кетті: үрейлі ойлар маза бермеді, өмірден түңіле бастадым, түрлі дауыстар естілетін болды. Бәрін тоқтатқым келді, бірақ қанша тырыссам да қолымнан келмеді… 2018 жылы дінге бет бұрдым, содан кейін үш жыл шыдадым. Бірақ кейін бәрі қайтадан басталды. Бұрынғыдан да көп мөлшерде қолдана бастадым. Кейде жарты жылға, кейде екі айға дейін тоқтататынмын — бірақ әр жолы қайта бастағанда дозасы арта берді. Өсімдіктен ешқандай ләззат ала алмай, ақыры ауыр синтетикаға көшіп кеттім. Екі айдың ішінде бәрін құрдымға жібердім: жұмыс істеп тұрған ЖК, ЖШС, жақсы бизнес, тұрақты айналым — бәрі күйреді. Қазір ештеңе жоқ. Қарызға кіріп кеттім, несиелерім бар, салықтар төленбеген. Шығу жолын іздедім — жындарды қуатын «шамандарға» бардым, психологтарға жүгіндім, көп ақша жұмсадым. Бірақ жағдай тек қиындай түсті. Соңғы сәтте өз-өзіме қол жұмсау туралы ой келді. Интернеттен бұл тығырықтан қалай шығуға болады, тәуелділіктен қалай құтылуға болады деп іздедім. 12 қадамдық бағдарламаға жиі тап болатынмын, бірақ оның не екенін түсінбедім. Тіпті ChatGPT-ке де жазып көрдім. Ақыры орталықтың нөмірін таптым, хабарластым — сыпайы жауап берді. Алты ай бойы «барсам ба, бармасам ба?» деп ойланып жүрдім. Мен діндар адаммын, ал бұл орталық шіркеу аумағында орналасқандықтан, «бәлкім, секта шығар?» деп күмәндандым. Бірақ мені жылы қарсы алды — құшақтап, тәттілеп шай берді, өздері қандай жолдан өткенін айтып берді, 12 қадам бағдарламасын түсіндірді. Алғашқы күндері күмәнмен қарадым, паранойя болды, бірақ бір-екі аптадан кейін бұл тек тәуелділікпен күрес емес, жалпы адамға көмек беретін бағдарлама екенін түсіне бастадым. Өзімді, рухани болмысымды қайта қарастыра бастадым.
Бұрын менде мейірім, жанашырлық деген сезімдер болмады. Қатал тәрбиеде өстім, оның не екенін түсінбейтінмін. Ал мұнда махаббаттың, жанашырлықтың, мейірімділіктің не екенін тани бастадым. Ешкім ешқандай уәде бермейді, бәрі өзімізге және оны қалай қабылдайтынымызға байланысты, — дейді Сахан.
Ол қазір бағдарламада төртінші айын өткізіп жатыр. Келгенде жүдеу, шаршаған, өз-өзіне қарамай кеткен еді. Отырған жерінде жылап отыратын. Қазір, өзінің айтуынша, Алланың, топтың және олардың қолдауының арқасында — сергек, аман-сау өмір сүріп жүр.
Қалған қатысушылар оның әңгімесін қолдап, қошеметтеп, ашық айтқаны үшін алғыс білдірді.
«Ақыры ақшам қалмай, аштықтан самса ұрлап жедім»
Келесі болып Расбек өз оқиғасын бөлісті. Ол да жас кезінде алкогольге әуестенген — Жаңа жыл, мерекелер… 15–16 жасында «көңіл көтеру үшін» ішімдік ішуді бастаған. Шамамен он жыл бұрын айлап ішімдікке салынып жүрген. Бірақ жалғыз өзі ішуді бастаған сәт —дабыл қағатын белгі еді. Сол кезде ол шығу жолын іздей бастады.
— Көп қиындық болды, — дейді Расбек. — Әзер аман қалдым, талай ауыр жағдайға тап болдым. Тәуелділер сияқты түбіне жеттім. Үйленген едім, бірақ отбасым тастап кетті. Ақшам жоқ, қаңғыбас сияқты жүрдім. Кейде тіпті күлкілі жағдайға дейін бардым — бірдеңе жеп алу үшін аштықтан киоскіден самса да ұрладым.
Қазіргі мен — бұрынғы Расбек емес, екеуміз екі түрлі адамбыз. Психологтарға да бардым, дәрі-дәрмек те іштім, бірақ бұл тек ауырсынуды басатын дәрі секілді еді: аурудың өзі қалатын. Бірнеше рет үйлендім — бәрінде де әйелдерім ішімдіктің кесірінен кетіп қалды. Ұзақ уақыт бойы қатты ішімдік ішіп жүрдім. Суицид туралы ойлар жиі мазалады, ойымнан кетпейтін еді. Аллаһ маған осы күйден шығуға көмектесті — сезімімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Тәуелділіктен құтылудың жолын іздеп жүріп, бір күні «Анонимді алкоголиктер» ұйымына тап болдым.
Бұл 2016 жыл еді. Бұл жерде өзім сияқты жандар бар екенін ұқтым. Бөгде адамдарға ішкі күйімді айтып бере алмадым — олар құмарлықтың, тәуелділіктің не екенін білмейді. Ол тек санада емес, жанды да жайлап алады, өмірдің әр саласына әсер етеді. Бағдарламаға қатыса бастадым, бірақ сол кезде әлі дайын болмаған сияқтымын. Кейін менің соңғы аялдамам осы екенін түсіндім. Мұнда бізді тәуелділік біріктіреді, бір-бірімізді түсінеміз, ішкі сырларымызбен бөлісеміз.
Расбек кейде сыр беріп қоятынын жасырмады. Мәселен, екі апта бұрын аздап ішіп қойған. Басқа қатысушылардың айтуынша, екі жылдан кейін болсын, екі айдан кейін болсын өзіңді ұстай алмасаң, бәрін қайта бастауға тура келеді. Сондықтан бұл жерде ең маңыздысы — ішімдікке жол бермей, сергек қалу. Екінші кездесуде ол суицидтік ойлар әлі де мазалайтынын айтып, көз жасын әрең тежеді.
«Үш жылдың ішінде ішімдік үшін 4 миллионнан астам қарызға баттым»
Келесі сөз алған — топқа жақында ғана қосылған қатысушы. Ол да алғаш рет алкогольді 15–16 жасында татып көрген. — Сәлеметсіздер ме, мен — маскүнеммін. Бұл жерге жаңадан келдім, жиналыстарға қатысып жүргеніме бір жарым ай болды, ал ішімдік ішпегеніме — 55 күн. Мұнда келу, өзімді алкоголик деп мойындау — өте ауыр болды. Кіммен кездесемін, кімдерді көремін, бәрі расымен анонимді бола ма — білмедім… Алғашқы қадамды жасау қорқынышты еді, — деп бөлісті Мәрлен.
Ол бұл жерге келгенде, өмірінің түбіне жеткен еді. Қайдан көмек келетінін білмей, шарасыз күйде болды. «Егер келмегенде, бәрі одан да жаман болар еді деп ойлаймын», — дейді ол.
— Бәрі көпшіліктің басындағыдай басталды: 15–16 жаста аулада кештер болатын, достармен жеңіл ішімдік, кейін күштірек түрлерін іше бастадым. Студенттік шақта Алматыдағы клубтар, көңіл көтеретін орындарға баратынмын. Кейін жұмысқа орналасып, ақша таба бастадым, бірақ ішуді тоқтатқан жоқпын. Жұбайым: «Ішпе, қыдырма» деп жалынатын. Кейін Теңізге вахталық жұмысқа орналастым. Ол жерде — еркіндік: ішкің келсе — іш, қыдырғың келсе — қыдыр. Ешқандай шектеу жоқ, бұл жағдайды одан сайын ушықтырды. Он жылға жуық жұмыс істедім, сол уақыттың бәрінде ішімдік болды. Тек денсаулық сыр бергенде ғана үзіліс бердім, бірақ уақытымның 90%-ы ішімдікпен өтті. Мен ішімдіксіз ас іше алмадым — тамақ мен үшін жай ғана тіскебасар еді, — дейді Мәрлен әңгімесін жалғастырып.
— Үйге вахтадан келген соң екі-үш күн ішінде ішімдікке деген құмарлық пайда болатын — 2–3 күнге жоғалып кететінмін, кейін бұл уақыт ұзарды. Кейде 28 күн ішінде жұбайымның өзі: «Баршы енді вахтаңа» дейтіндей жағдайлар орын алатын. Балалар қиналып кетті. Бірақ мен ақша тауып жүрдім, ақшамен бәрінің аузын жаптым, отбасымды Түркияға, жыл сайын демалысқа апардым. Болашағы бар маман болдым — мені Англияға, Германияға оқуға жіберді. Ақша жағынан қиындық болған жоқ. Бірақ ішімдік көбейе берді, ақыры соның кесірінен жұмысымнан айырылдым.
Жұмыстан шығарылғаннан кейін ол депрессияға түсіп кетті, жаңа жұмыс табу қиынға соқты. Бұл кезең COVID-19 пандемиясының басталуымен тұспа-тұс келді. Енді ол үйде жалғыз өзі ішетін болды. — Үйде ішіп жүрдім, өзіммен-өзім, бірақ өзімді алкоголик деп есептемедім. Маскүнемдер — көшеде жүргендер, ал мен мәдениетті түрде, үйде ішемін, ешкімге зияным жоқ деп ойлайтынмын. Ақырында әйелімнің шыдамы таусылды: заттарын жинап, балаларды алып, кетіп қалды. Үйге келсем — ешкім жоқ, хат та қалдырмаған. Хабарлассам — нөмір бұғатталған. Туыстардан әйелімнің ажырасуға арыз бергенін білдім.
Бірнеше айдан кейін қайта қосылдық, мен ішпеймін деп уәде бердім. Жұбайым тіпті ішімдікті тастау үшін маған білдірмей дәрі қосып беретін болды. Мұны білгенде, ашуға булығып: «Сен мені шынымен маскүнем деп ойлайсың ба?» — деп жанжал шығардым. Бес жыл ішінде бірнеше рет ажырасып, қайта қосылдық. Ішімдікті тастай алмадым, бірақ отбасымды да жоғалтқым келмеді. Жұмыста қиындықтар көбейді, қарыздар өсті, жағдай нашарлады. Банктер шоттарымды бұғаттап тастады, несие бермеді, жұбайым тағы да кетіп қалды. Соңында ішпеймін деп тағы да уәде бердім. Біз қайта қосылдық. Намаз оқып көрдім, жарты жылдай шыдадым, бірақ кейін қайта сыр бердім. Осы жерге келдім — қазір бұл маған көмектесіп жатыр. Әзірге ішпей жүрмін, Аллаға, осы топқа және отбасыма алғысым шексіз, — деп сөзін аяқтады Мәрлен.
Анонимді араққұмарлар тобының екінші жиналысында қатысушылар сауығу жолындағы өз қадамдарын шынайы түрде бөлісті. Мәрлен қарыздарынан біртіндеп арылып, материалдық және моральдық зиян келтірген адамдардың алдында кінәсін өтеу үшін өз жолын бірден сегізінші қадамнан бастады. Соңғы үш-төрт жылда ол бар ақшасын ішімдікке жұмсаған. Сегізінші қадаммен жұмыс істей бастағанда, Kaspi-ден шот ашып, ішімдікке кеткен ақшаны есептеді. Сөйтсе оған 4 миллионнан астам теңге жұмсапты. Қазір ол қарыздарын қайтара бастады. Зиян келтірген адамдардан кешірім сұрап: «Қарызымды білемін, міндетті түрде қайтарамын», — деп ашық айтып жүр. Оның айтуынша, осылай мойындап, әңгімелескеннен кейін қанша ауыр болса да, жан дүниесі жеңілдеп, адамның көзіне тіке қарауға мүмкіндік туады.
«Бәрі әдеттегі жұма күндерінен басталып, кейін тәуелділікке айналды»
Карима әңгімесін «басқалардікінен еш айырмасы жоқ» деген сөздермен бастады. Жас кезінде ішімдікке қызықпаған, тек студент кезінде достарымен қызық үшін бірнеше рет ішіп көрген.
— Ол кезде маған бұл ұнайды деп ойламадым. Тіпті 25 жасымда жұмыс істеген ұжымда жұма сайын «питница» деп аталатын ішімдік кештері өтетін. Бастапқыда қызықпадым, бірақ бірте-бірте жұма күндері аздап ішетін болдым. Кейін бұл сенбіге, жексенбіге де ауыса бастады.
Жас кезімде өте ұяң, көпшілікпен араласа бермейтін едім. Адамдармен бірден достасып кетуім еді. Ішімдік ішкен кезде өзімді батыл сезінетінмін: ашық, көпшіл болып, ортақ тіл табу оңайға соғатын. Кейін жұма сайын достармен бірге кафе немесе клубтарға барып, ішімдік ішу әдетке айналды.
Бастапқыда мен ең жеңіл, сары түсті ішімдікті таңдайтынмын — біздің ереже бойынша оның атауын айтуға болмайды. «Бір-екі бокалдан ештеңе болмайды» деп ойлайтынмын. Бұл қалыпты нәрсе сияқты еді — бәрі ішетін, бұл таңғаларлық емес-тін. Бірақ мен алкогольге тәуелділік әркімде әртүрлі дамитынын білмедім. Біреулер жиырма жылдан кейін ғана тәуелді болады, біреулер қанша ішсе де ештеңе сезбейді, ал кейбіреулер бір жылдың ішінде-ақ тәуелді болып кетеді екен. Өкінішке қарай, мен солардың қатарына кіріппін: менде генетикалық бейімділік бар екен, бірақ ол кезде оны байқамадым.
Мен бұл тәуелділікті карантин кезінде ғана түсіндім. Үйде жалғыз отырған кезде іш пысқандықтан, ешкіммен сөйлеспегендіктен ішуді бастадым. Кешкісін өзіме құйып, іше беретін болдым. Карантин аяқталып, жұмыс басталған соң да күн сайын кешке «аздап қана» алу үшін алкомаркетке барып жүргенімді байқадым. Кейін бұл жұмаға, сосын сенбі мен жексенбіге, ақырында аптаның барлық кештеріне айналды.
Мен жұмыс істеп жүрдім, бомждар сияқты жертөледе түнемедім. Үйім де, көлігім де, киімім де — бәрі де жұртпен бірдей. Бірақ кешкісін сериал қосып, күн сайын бір жарым литр ішімдік ішетін болдым. Сол кезде ғана бұл дұрыс емес екенін, проблема бар екенін сезіндім. Ішуді тоқтатуға тырыстым: бір-екі ай, тіпті алты ай бойы ішпедім. Бірақ құрбылармен бір жерге шыққанда: «Аздап ішсеңші», — деген сөздерден кейін аздап ішіп көріп, бәрі қайтадан басталып кететін.
Мен жалғыздықпен бетпе-бет қалуға қорқатынмын, сол үшін ішетінмін. Жұмыста бәрі жақсы сияқты, бірақ үйге келгенде — көңілім құлазып, қараңғы ойлар жанымды жегідей жейтін. «Көлік алсам — бәрі өзгереді» деп үміттенесің. Алайда қуаныш ұзаққа созылмайды — қайтадан сол сезім. «Жаңа пәтер алсам — бәрі басқаша болады» деп ойлайсың, бірақ ішкі күйің өзгермейді. Киім сатып аласың — бірақ ол да уақытша жұбаныш. Ал ішімдік ішкенде, өмір бір сәтке болса да орнына келгендей, бәрі өз орнында тұрғандай сезілетін.
Мен шын ниетпен ішімдіктен арылуға тырыстым, бірақ бұл оңай емес екен. Көп адам маскүнем дегенде — беті көгерген, вокзалда 100 теңге сұрап жүрген адамды елестетеді ғой. Бірақ осы бағдарламаға келгенде менің көзқарасым өзгерді: мұнда қаншама дарынды, ақылды адамдар бар — ұжым директорлары, кәсіпкерлер, дәулетті жандар, бірақ бәрінің ортақ мәселесі — алкоголизм. Олардың арасында бұл мәселені мойындап, түсінетіндер де бар және әлі қабылдай алмай жүргендер де кездеседі.
Мен дер кезінде бәрін түсініп, осы жерге келдім. Қауымдастықтың пайдасын көріп отырмын. “Ішімдіксіз өмір сүре алмайтынымды” өзім де мойындаймын. Себебі, сау күйде түрлі мазасыз ойлар келеді, күйзеліске түсем, жан тыныштығы жоқ. Бірақ осы жерде мен ішімдіксіз, жан тыныштығымен өмір сүруді үйрендім. Бағдарламаға келгеніме үш жыл болды, екі жыл бойы ішпей келемін. Бұл бағдарлама мен үшін өте тиімді. Мұнда біз кеңес бермейміз — тек өз тәжірибемізбен бөлісеміз. Біздің жігіттерге — баршаңызға рахмет», — деп алғысын білдірді Карима.
Карима бағдарламаға келген соң, бұрын тек материалдық дүниенің соңында жүргенін түсінді. Рухани өмірге мүлде көңіл бөлмеген екен. Осы қауымдастықта ол өз ішкі әлеміне үңіліп, жүрегінің үнін тыңдай бастады. Біртіндеп рухани тереңдікке бойлап, жан тыныштығын тапты. Айығуға апаратын 12 қадам — жай ғана ереже емес, бұл — өзіңмен шынайы жұмыс. Бағдарлама төрт маңызды идеяға сүйенеді: алкогольге қарсы дәрменсіздігіңді мойындау, өзіңе адал көзқараспен қарау, қазіргі қалпыңды қабылдау, қателіктеріңді мойындап, оларды түзету, яғни, тигізген зиянды өтеу және өзгелерге қолдау көрсету.
Кариманың айтуынша, соңғы үш жылда бұл жерге 400-ге жуық адам келген. Бірақ олардың бәрі ұзаққа қалмайды. Себебі, өзіңнің ішкі жараларыңмен, жан ауыртпалығымен, терең мәселелеріңмен бетпе-бет келіп, жұмыс істеу — оңай емес. Бұл — жанды емдейтін, психологиялық сауығу жолы. Ол үшін ерік, табандылық керек. Ал ең кереметі — мұндағы көмектің бәрі тегін.
«Тоқтай алмайтынмын: қамап қойса — балконнан секіріп кететінмін, ақшамды алса — бәрібір басқа жолын тауып ішетінмін»
Темірбек бағдарламаға алғаш рет 2016 жылы келгенімен, офлайн топтарға тұрақты қатыса бастағанына үш жыл ғана болған. Осы уақыт ішінде ол барлық қадамдардан өткен. Қазір сегізінші, тоғызыншы және оныншы қадамдарға қайта оралып, өткенін тазартып жүр: зиян келтірген адамдардан кешірім сұрап, қарыздарын қайтарып, ренжіткен жандармен бетпе-бет кездесіп, олардың көзіне тіке қарауға тырысып жүр. Кейде өзі де бұрын ішімдікке тәуелді болғанын ұмытып кетеді. Бірақ: «Ұмытуға болмайды — әйтпесе байқамай ішіп қоюың мүмкін», — дейді. Оның айтуынша, осы қауымдастыққа келгеннен кейін өмірі түбегейлі өзгерген. Ол былай деп хикаясын айтып берді:
«2016 жылы мен алғаш рет онлайн топқа қосылдым. Ол кезде менің қаламда мұндай топтар жоқ болатын. Менің ештеңем болған жоқ: үй де, көлік те, ақша да жоқ. Тек қарт анаммен бірге тұратын отбасым ғана бар еді. Біз бәріміз жалдамалы пәтерде тұрдық. Ол пәтерді мен, шын мәнінде, ішімдікке айырбастап жібердім. Тұрақты жұмысым да, тұрақты табысым да болмады.
Бастапқыда әр алты ай сайын ішетінмін. Кейін екі-үш ай сайын ішетін болдым. Бұл жағдай 10–15 жылға созылды. Ішімдікке салынуым екі аптаға созылатын: 4–5 сағаттық ұйқыны есептемегенде 14 күн бойы үздіксіз ішетінмін. Таксиден тапқан ақшамды сол сәтте-ақ ішімдікке жұмсайтынмын.
АА-ға келгенге дейін бәрін сынап көрдім: кодтауды да, емші-әжелерді де — бірақ ештеңе көмектеспеді. Бәрібір қайта салынып ішіп кететінмін. Әр жолы наркологияда мені өлімнен арашалап алатын, дәрігерлер өмірім үшін күресетін. Бірақ мен бәрібір ішуді жалғастыра бердім. Өзіме де, өзгелерге де оның немен аяқталатыны белгілі еді. Қорқыныш та, өзін-өзі сақтау түйсігі де өшіп қалғандай. Бірінші рюмканы ішсем — тоқтай алмайтынмын. Ешкім тоқтата алмайтын — мен де, басқалар да.
Мені үйде қамап қойса, балконнан секіретінмін. Ақшамды тартып алса, бәрібір жолын тауып, сау қалмау үшін, ауыр физикалық және жан күйзелісін сезінбеу үшін жаңасын табатынмын. Көліктерді қираттым, үйсіздерге арналған қабылдау орындарында түнедім. 15 тәулікке қамалдым, жүргізуші куәлігімнен айырылдым, жұмыстан шығып қалдым, ақшамнан айырылдым, соққыға жығылдым. Бәрі айқын секілді: жай ғана «қалай ішуді білмейтіндіктен» емес, бұл өміріме қауіпті болғандықтан маған ішуге болмайды. Бірақ алкоголизмге бәрібір. Оған сенің өмірің де, ақылың да маңызды емес. Ол өз дегенін жасайды.
Бір күні аяқ астынан ой келеді: «Ауыр күннен кейін бір саптыаяқ сыра ішсем қалай болар екен? Тек біреу-ақ. Достармен, тыныш, бақылауда. Ұрыссыз, қарызсыз» деп. Барып ішемін, содан соң бәрі қайта басталады. Басқа нәтиже күтіп, сол бір әрекеттерді қайталай беремін. Бұл — ессіздік. Мені танитындар: «Ол шынымен де мұның немен аяқталатынын білмейді ме?» деп таң қалатын.
АА бағдарламасында маған алкоголизм — бұл созылмалы, үдемелі және жазылмайтын ауру екенін түсіндірді. Ерік-жігер бұл жерде дәрменсіз екен. Мен өмірдің басқа салаларында мықты бола алатынмын, бірақ ішімдік алдында әлсіз едім. Бірінші рюмкадан соң оны тоқтату мүмкін емес еді.
Неліктен мен қайта-қайта ішімдікке оралатынмын? Себебі бұл аурудың екінші қыры — ойдың тұтқыны болу. Мен тек көңілді сәттерді еске алатынмын, ал жан ауырсынуы мен шарасыздықты санам ығыстырып шығаратын.
АА-ға келгенде ақиқатты: ішімдіктің алдында дәрменсіз екенімді, өзімді бақылаудан айырылғанымды мойындадым. Өмір бойы күрестім, әлсізбін деп өзімді кінәладым, «ерік-жігер» іздедім. Бірақ ішімдік мені жеңді.
Бүгінде Анонимді араққұмарлар тобы мен қадамдардың арқасында санамда бұрынғыдай ішімдікке деген мазасыз ойлар жоқ. Егер бүгін бірінгі рюмканы ішсем, 5, тіпті 10 жыл бұрынғыдай бәрі қайта басталатынын білемін. Құмарлық қайта оянып, ағзам ештеңе қабылдамай қалғанша, тоқтамай ішемін. Мен ешқашан «бәрі сияқты» ішуді үйренбеймін. Тұздалған қияр ешқашан балғын болмайды.
АА-да маған мәжбүрлі ойларды бақылауды, ренішпен, ашумен жұмыс істеуді, қорқыныштан арылуды үйретті. Менің проблемаларымның түбінде эгоизм, менмендік, өзімшілдік, адалдықтың жоқтығы, атаққұмарлық және басқа да мінез-құлық кемшіліктері жатқанын түсіндім. Маған өмірді қайта бастауға, алкоголизммен қатар өмір сүруге арналған нақты құралдар берілді. Иә, менде сәтсіздіктер болды. Бірақ әрқайсысы мені өзіммен көбірек жұмыс істеуге итермеледі.
Қазір мен топтарға барып, жаңадан келген, көмек сұраған жандарға қолдау көрсетемін. Мен ешкімге ақыл айтпаймын, бақыламаймын — тек өз жолымды, өз тәжірибемді бөлісемін. Қадамдар менің жаңа өмірлік бағытыма айналды. Оларды күн сайын қолдану арқылы мен ішімдіксіз өмір сүріп келемін.
Бүгін мен бағдарлама мен ішкі өзгерістердің арқасында өзімді таптым: сүйікті жұмысым бар, үй салуға, көлік сатып алуға мүмкіндік алдым, отбасым бар, ең бастысы — ішпеймін. АА мүшесі болудың жалғыз шарты — ішімдікті тастауға ниет болу керек. Біз сын айтпаймыз, қолдаймыз. Әлі де азап шегіп жүрген жанға біздің есігіміз әрдайым ашық».
Темірбек үлкен жолдан өтті — ол сегізінші мен тоғызыншы қадамдарды артта қалдырды: өзі физикалық, материалдық, эмоционалдық және моральдық тұрғыдан зиян келтірген жандардан кешірім сұрады, олардың алдында кінәсін өтеуге тырысты. Өзі ренжіткен немесе зардап шектірген барлық адамдардың: таныстары мен ұйымдардың, балалары мен жұбайының, ата-анасы мен басқа да жандардың тізімін құрастырып жатыр.
Бірде Темірбек дүкеннен бір жәшік арақты ұрлап кеткен. Кейін ол дүкен иесіне барып, жағдайды түсіндіріп, шығынды өтеуді ұсынған. Бірақ дүкен әлдеқашан басқа қожайынына өткен еді. Сол кезде Темірбек бұл ақшаны жанама өтемақы ретінде мешітке беруді жөн көрді. Ол өзі дене жарақатын келтірген немесе қарыз болып қалған адамдардың бәрін табуға тырысып жүр. Арасында өмірден өткендер де бар — ондай жағдайда ол қарызды мұрагерлеріне қайтаруға ниетті.
Оның айтуынша, зардап шеккен бір адамның алдындағы қарызы шамамен 80 мың долларды құрайды. Бұл адам өмірден өткен, сондықтан ол бұл ақшаны оның мұрагерлеріне қалай жеткізуге болатынын ойлап жүр.
— Өмірде талай нәрсе істедім, енді бәрін ретке келтіруім керек. Қарыздар әлі де бар, өзім зиян келтірген жігіттерді табуым қажет. Физикалық тұрғыда да зиян да аз болмады. Ескі жараларды емдеу — менің міндетім. Кімге қарыз екеніңді, кімге бір кездері ашумен шапшаң әрекет жасағаныңды ойлағанда, осы қадамнан кейін қорқыныш жоғалады. Жан тынышталады, адамдардың көзіне тіке қарауға болады, — дейді ол.
Сауығудың шынайы күші — бірлік пен қызметте
Бұл қатысушыларды тыңдай отырып, олар сезімдері мен тәжірибелерімен ашық бөліскен кезде, олар еркіндікке қол жеткізгендей, өздерін жеңіл сезіне бастайды. Олар мұнда өздерін түсінетін, айыптамайтын орта тапты. Бірақ ең бастысы — олар өздерінің кім екенін және бір жұтым да ішпеу керектігін әрдайым есте ұстайды. Олар бұрын өздеріне көңіл бөлмегенін, рухани тұрғыда жұмыс істемегендерін мойындайды.
Бұл қауымдастық діни немесе саяси көзқарастармен байланысты емес — бұл әрбір жиналыстың басында және соңында арнайы ескертіледі. Ол ешқандай ұйымдардан қаржыландырылмайды, ал барлық қатысушылар анонимділікті сақтау міндетін алады.
Карима көп кітап оқыған, білімді адам болғанымен, бірлестікке келгенде ерекше нәтиже күтпегенін айтады. Ол «Мені таң қалдырыңдар» деген оймен келген екен. Алайда бағдарлама бойынша жұмыс істей бастағаннан кейін, төртінші қадамда-ақ өзгерістерді сезіне бастады. Ол өзі зиян келтірген адамдардың тізімін дәптерге жаза бастады. Алғашында бұл тізімде 3–4 адам ғана болатын. Кейін бала кезінде әпкесінің печеньесін жасырын алғанын есіне түсіріп, бұл эпизодты да тізімге қосып қойған. Осыдан кейін Карима иығынан ауыр жүк түскендей ерекше жеңілдік сезінген.
Карима бұрын күмәншіл, менмен, өзімшіл жан болғанын мойындайды. Әрдайым дауласып, жауабы дайын тұратын, «менікі дұрыс» деген сеніммен өмір сүрген. Бағдарлама оның бұл ұстанымын бұзып, оның да басқалар сияқты кемшіліксіз еместігін түсінуіне көмектесіп, қарапайымдылықты үйретті. Мінез кемшіліктері жазылған дәптерді ол қайта ашпаған. Онда бәрі жазылған, бірақ қайта ашуға жүрек дауаламайды — тым ауыр шындықтар жазылған.
— Қорқынышты! — деп мойындайды ол. Карима бағдарлама оған ересек болуға көмектескенін айтады. «Бұрын мен ересек денеде жүрген кішкентай қыз едім, жауапты қадам жасауға қорқатынмын. Қазір мен шекара қоюды үйрендім», — дейді ол.
Мұндай топтар елдің әртүрлі өңірлерінде және басқа мемлекеттерде де жұмыс істейді. Қазақстанға бұл бағдарлама 2012 жылы келген. Анонимді алкоголиктер қозғалысы алғаш рет 1935 жылы АҚШ-та құрылған.
Ашық дереккөздерге сүйенсек, бұл қозғалыстың тарихы екі адамның хикаясынан басталған. Олар ішімдікпен жалғыз күресу мүмкін еместігін түсінген. Нью-Йорктық биржа брокері Билл Уилсон мен Огайо штатындағы Акрон қаласының дәрігері Боб Смит 1935 жылдың 12 мамырында кездескен. Бұл күн осы қозғалыстың туған күні деп есептеледі. Билл жұмыс бабымен Акронға келгенде ішімдікке деген қатты құмарлықты сезінеді. Өзін ұстау үшін, ол басқа бір араққұмарды тауып, оған көмектесуді ойлайды. Дін қызметкерлерінің көмегімен ол доктор Бобпен танысады. Олар бірнеше сағат бойы сөйлесіп, тәжірибемен бөлісу және бір-бірін қолдау арқылы сау күйде қалуға болатынын түсінеді. Осылайша «бір маскүнем екіншісіне көмектеседі» деген АА-ның негізгі қағидасы дүниеге келген.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау +3