Атырау, 6 желтоқсан 07:42
 ашықВ Атырау +3
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

Томандықтардың талабы не?

Бейнежазба
1 061 рет қаралды

«Атырау-Астрахан» трассасының бойында орналасқан Аққыстау округіне қарасты Томан елді мекені (17-ші разъезд) Исатай ауданының құрамында болса, ал ауылдың айналасындағы жерлер Махамбет ауданына (Таңдай округіне) тиесілі. Соңғы кезде Томан халқы белгілі жер көлемін сұрап, облыстық әкімшілікке хат жазғанымен, онысы аяқсыз қалған.

«АЖ» анықтамасы: Томан елді мекені Исатай ауданы Аққыстау ауылынан солтүстік шығысқа қарай шамамен 40 км жерде, Атырау қаласынан батысқа қарай 30 шақырым жерде орналасқан. «Атырау-Астрахан» автомобиль жолынан 1 шақырым қашықтықта қоныстанған. Каспий теңізінің суы тасыған кезде оңтүстік-шығыс жақтан су жақын келеді. Жалпы Томан ауылы «әлеуметтік даму көрсеткіші орташа» елді мекен санатына жатқызылған. Елді мекенде 302 халық тұрады. Мұнда бастауыш мектеп, темір жол станциясы бар, ауыз су, газ келіп тұр. Көшеге асфалт жол төселген. Жуырда 80 орындық балабақша құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмекші.

ХАЛЫҚ МАЛ ЖАЙЫЛЫМЫНА ЖЕР СҰРАЙДЫ

Елді мекен халқының дені теміржол торабында, кейбірі Атырау қаласына қатынап жұмыс жасайды. Тұрғындар күнкөріс қамымен төрт түлік те ұстайды. Бірақ ауыл маңының барлығы Махамбет ауданына қарайды, енді халық жайылымға жер сұрап отыр. Ауыл шаруашылығын дамытып, мал санын көбейтіп, түскен салықтар өз ауданына түскенін қалайды.

Мақсат ҚАСЕНОВ

- Біз тұрған Томан елді мекені 60 гектар жерде орналасқан. Ауылдан қарға адым шықсаң болды, ол Махамбет ауданына қарайды. Өткен жылы халық мал және егін шаруашылығын жүргізу үшін белгілі бір жер көлемін Махамбет ауданынан Исатай ауданына беру жөнінде мәселе көтеріп, 100-ге жуық адам арыз жазып облыс әкімшілігіне жібергенбіз. Енді сол арызымыз негізінде жер беру жөнінде талабымыз орындалса дейміз. Қиындығы-біздің мал жаятын жайылыс жеріміз жоқ. Шаруашылық құруға оның кедергісі жоқ дегенімен халық үшін оңай емес. Махамбет ауылына барып келудің өзі қиын, ол 100 шақырым жерде орналасса, ал Аққыстау 45 шақырым жерде тұр. Оның үстіне оған тіке көлік те жоқ. Бізге Аққыстауға бару оңай. Ал Махамбетке Атырау қаласы арқылы жетеміз. Тұрғылықты мекен жайымыз Исатай ауданында, ал жер Махамбетте. Халық болып карта сызып бергенбіз, жер сұрап, соны берсе болғаны,-дейді Томан елді мекенінің тұрғыны Мақсат ҚАСЕНОВ.  

Исатай аудан әкімінің орынбасары Нұрберген УТЕГЕНОВТЫҢ айтуынша осы жер жөніндегі мәселе өткен жылы көтерілгенімен ол қолдау таппапты. Жайылым жерді Томанға беру жөнінде Махамбет ауданына қарасты Таңдай ауылы халқы қарсылық білдіріп, жер беру жөнінде келісімге келмеген. Томандықтар жерді берсе іргедегі көл айдынға айналар ма еді дейді. «Жергілікті халықтың сұрап тұрғаны шамамен 2 мың гектар жер ғана» дейді әкім орынбасары.

Әлібек ЕРМЕКҚАЛИ

-Томан елді мекені тұрғындарының талабы, ол екі тараптың (екі ауданның) өзара келісімі негізінде жүзеге асады. Бұл жерде жер беру жөнінде өзіндік процедулары бар, ол заңды негізде қоғамдық тыңдау, Мәслихаттың шешімі, халықтың келісімі керек. Бұл процесс бірден жүзеге аспайды, ол үш жылсыз бітпеуі мүмкін. Ал Махамбет ауданы Таңдай ауылы тұрғындары томандықтарға көне жерлерін беруге ықыласты болмауына байланысты бұл процесс тоқтап тұр. Ал Томан елді мекен тұрғыны жайылымдық жер сұраса, конкурсқа қатысуына, ал шаруашылық құрамын десе еш кедергі де, шектеу де жоқ. Махамбетке келмей онлайн түрде қатыса алады,-дейді Атырау облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Әлібек ЕРМЕКҚАЛИ.

КЕДЕРГІ БАР МА?

Томан елді мекен тұрғындары мен полицияның мәлімдеуінше ауыл республикалық жол торабында орналасқандықтан жол-көлік оқиғасы болған кезде қиындық тудырып отырғанын айтады.

- Мен осы жол мәселесіне байланысты полицияны осы жерге шақыртқанымда екі сағат бойы Махамбет ауданынан келетін қызметкерді күттім. Одан Аққыстаудан келетін полиция тез келер ме еді, олар жақын жерде ғой. Егер жол-көлік оқиғасы бола қалса Махамбет ауданынан келетін полицияны сарыла күтуің керек. Жолға байланысты сот болса да ол Махамбет ауданында өтуі керек, себебі, территория Махамбетке қарайды. Бұдан бірер жыл бұрын Мақат ауданында жер тапшылығына байланысты Қызылқоға ауданынан ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында жер сұрап оны заңдастырды. Сол себептен томандықтарды тұйыққа тіремей, Махамбет ауданы сұраған жерді беру керек қой,-дейді «Ақиқат» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғазиз ҒАБДУЛЛИН.

Екі аудан тұрғындарының жер дауына байланысты мәселе туындамаса да ертеңгі күні не болары белгісіз ғой.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттер мен видеоны тұсірген автор

13 тамыз, 18:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.