
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодарда өтіп жатқан Халықаралық жастар күніне арналған Jastar Fest форумына қатысушыларға үндеу жолдады.
Мемлекет басшысы қатысушыларды құттықтап, жастардың барлық салада белсенді түрде еңбек етіп жатқатын атап өтті. Оның айтуынша, жастар қоғамдық өмірге белсенді араласып, волонтер ретінде мұқтаж жандарға көмек беріп, экологиялық іс-шараларға атсалысып, cпорт, білім сайыстарында топ жарып, елдің абыройын көтеріп жүр.
"Биыл – Қазақстанда Жұмысшы мамандықтары жылы. Осыған орай, біз ауқымды шараларды қолға алдық. Елімізде еңбек адамына әрдайым ерекше құрмет көрсетілуі керек. Мұны өскелең ұрпақтың санасына сіңіру маңызды, себебі, еңбек – әрбір адамның өмірінің тұғыры, қозғаушы күші. Еңбексіз ешқандай даму, өркендеу болмайды. Бұл бастаманың мән-маңызы да – осында.
Жастар қашанда және қай кезде де өзгерістің басы-қасында жүреді. Сіздер дүние әп-сәтте мың құбылатын заманда өмір сүріп жатсыздар. Жастардың өздерін танытуына мүмкіндік мол. Озық ойлы жастардың қоғам өміріне белсене араласуы, білімпаздығы, еңбек етуге және өзін-өзі дамытуға құштарлығы қуантады. Өйткені еліміздің бүгіні де, ертеңі де – Сіздер. Отанымыздың тағдыры белгілі бір дәрежеде жас буынның күш-қуатына, ой-пікіріне, білім-білігіне, табандылығы мен патриоттық қасиеттеріне байланысты.
Мемлекет өскелең ұрпаққа тиісті жағдай жасайды. Қазақстанда білім алу және еңбекпен қамту мүмкіндіктерін кеңейтуге, таланттарды шыңдауға, жеңілдікпен баспана сатып алуға, сондай-ақ жастар кәсіпкерлігін қолдауға бағытталған көптеген бағдарлама әзірленіп, іске қосылуда.
Бұл игіліктерді 600 мыңнан аса жас көріп отыр. Сондай-ақ олар арнаулы квота арқылы Мәжіліс пен мәслихат қызметіне белсенді атсалысуға мүмкіндік алды. Президенттік жастар кадр резерві мүшелері де іскерлік қырымен танылып, жоғары лауазымдарға тағайындалып жатыр. Ауыл мен аудан әкімдерін тікелей сайлау тәсілі көптеген жастың жергілікті атқарушы билік жүйесіне қызметке келуіне жол ашты.
Дүние жүзінде жастарға арналған осындай мазмұнды бағдарламалар көп емес. Мемлекетіміз стратегиялық маңызы бар бұл саясатты міндетті түрде жалғастырады.
Елімізге жауапкершіліктен қашпайтын, аянбай еңбек ететін әрі өзін ұдайы жетілдіріп отыратын жаңашыл жастар қажет.
Хакім Абай «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деп бекер айтпаған. Ұлы ойшылдың бұл өсиеті бүгін де – өзекті. Қазақстан жастары – көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр, жасампаз азаматтар. Еліміздің жарқын болашағы – өскелең ұрпақтың қолында.
Мен Сіздерге сенемін! Қастерлі Отанымыз өсіп-өркендей берсін! Жолдарыңыз ашық болсын! Жастарымыз әрқашан бақытты және табысты болсын!" - деді Мемлекет басшысы.
В Атырау +3