
Биыл жаңа оқу жылынан бастап барлық Назарбаев зияткерлік мектептерінде оқушыларға смартфон, планшет, смарт-сағат сияқты смартқұрылғыларды пайдалануға тыйым салынды. Бұл туралы Атыраудағы химия-биология бағытындағы Зияткерлік мектептің баспасөз қызметі хабарлады.
Шешім халықаралық зерттеулерге негізделген. Сарапшылардың айтуынша, цифрлық құрылғыларға тәуелділік жасөспірімдердің психоэмоционалдық жағдайына, ұйқы сапасына, физикалық белсенділігіне және зейін қою қабілетіне кері әсер етеді. Сол себепті ата-аналардың келісімімен жаңа ереже қабылданған.
Жаңа тәртіпке сәйкес, смартқұрылғыларды оқу барысында да, үзіліс кезінде де қолдануға болмайды. Ата-аналармен байланысу қажет болған жағдайда, оқушылар батырмалы телефон немесе мектептегі стационарлық байланыс құралдары арқылы хабарласа алады.
Ереженің тиімді орындалуы үшін мектеп барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Оқу процесіне қағаз өнімдері, ноутбуктер және арнайы жабдықталған смарт-аймақтар ұсынылады.
- Бұл ереже бірден енгізілген жоқ. Бұған дейінгі жылдары оқушылар арасында "смартфонсыз бір күн" акциясы өткізілді. Пилоттық жоба ретінде НИШ базасында сынақтан өткен бастама оң нәтиже көрсетті. Ең бастысы – ата-аналар келісті. Қазір көпшілік смартфонға тәуелді болып кеткен. Мақсат – осы тәуелділікті азайту. Мысалы, кей оқушылар оқу материалдарын тек смартфонға сақтап, онсыз жүре алмайды. Сондықтан сабақтар телефонға мұқтаж болмайтындай етіп, барлық жағдай жасалды, - деді баспасөз қызметі.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
В Атырау +3