Атырау, 6 желтоқсан 08:25
 ашықВ Атырау +3
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

Атырауда Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы аталып өтті

Сурет
408 рет қаралды

Атырау қаласында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған «Хәкім Абайдың ізімен» атты ауқымды мәдени шара өтті. Мереке Абай ескерткіші алдындағы алаңда ұйымдастырылды.

Салтанат ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Оған Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев, халық композиторы Ілия Жақанов, облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов, зиялы қауым, қоғамдық ұйым өкілдері және қала тұрғындары қатысты.

Алаңда жұртшылық назарына арнайы әзірленген «Абай ауылы» этнографиялық композициясы ұсынылды. Төрт тақырыптық киіз үйде ақын өмірінің негізгі кезеңдері – балалық шағы, білім мен ізденіс жылдары, қоғамдық қызметі және рухани кемелденуі бейнеленді. Қонақтар ұлттық қолөнер көрмесін тамашалап, қазақтың дәстүрлі ойындары мен спорттық жарыстарына қатысты.

Мерекелік бағдарлама «Абай бейнесі» атты театрландырылған қойылыммен жалғасты. Онда актерлер ұлы ойшылдың әр кезеңдегі поэтикалық монологтарын сахналады. Көрермендер Абайдың өлеңдері мен әндерін белгілі аймақ өнерпаздары және этномәдени бірлестік өкілдерінің орындауында тыңдады.

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев Абай мұрасын ұлттың рухани іргетасы деп атап, оның ой-толғамдары мен өсиеттерінің әр буынға өнеге әрі шабыт сыйлайтынын айтты. Ал халық композиторы Ілия Жақанов ұлы ақын шығармашылығы ұрпақтар арасындағы алтын көпір болып, өнер шеберлерін жаңа туындылар жасауға жігерлендіретінін жеткізді.

11 тамыз, 11:52

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.