
Атырау облысында 10–24 тамыз аралығында Халықаралық жастар күніне арналған «Atyrau Jastar Fest – 2025» онкүндігі өтеді.
Бағдарламада шығармашылық, спорттық, танымдық және инновациялық бағыттағы 20-ға жуық іс-шара ұйымдастырылып, жалпы 10 мыңнан астам жас қамтылады. Бұл туралы облыстық Ішкі саясат басқармасының Жастар және әлеуметтік бастамаларды қолдау бөлімінің басшысы Айдар Жален мәлім етті.
Биылғы фестиваль аясында поэзия және кітап кештері, «Atyrau Quiz», «Atyrau Puzzle Day» интелектуалды ойындары, «Ulttyq Cover» және «Atyrau Youth Dance» өнер байқаулары, «Atyrau Youth Hackathon» инновациялық сайысы, «AJF eSports Cup 2025» киберспорт турнирі, «Tungi Run» кешкі марафоны, «Atyrau Books» кітап және қолөнершілер жәрмеңкесі, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жастарға арналған үш күндік шеберлік сабақтары өтеді.
Фестиваль аясындағы іс-шаралардың бір бөлігі жүлде қорымен және бірқатар номинациямен өтеді. «Жастар таңдауы – Атырау» қоғамдық бірлестігінің менеджері Ерболат Балабаевтың айтуынша, биыл фестивальге облыстың барлық аудандарынан белсенді өтінімдер келіп түсті. Іріктеу кезеңдері онлайн форматта өтіп, финалға ең мықты қатысушылар өтті.
Онкүндік 16 тамызда өтетін «Atyrau Jastar Fest – 2025» гала-концертімен аяқталады. Онда жастар саясатына үлес қосқан үздіктер марапатталып, «Тәуелсіз ұрпақтары» шағын гранттарының иегерлері жарияланады.
В Атырау +3