
Атырау облысында биылғы жылдың алғашқы алты айында еңбек заңнамасын бұзу деректері бойынша 40 қызметкерге жалпы сомасы 36 миллион теңгеге жуық жалақы қарызы қайтарылды. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Атырау облысы бойынша Еңбек инспекциясы департаментінің басшысы Игілік Әубәкіров мәлім етті.
Спикердің айтуынша, аталған кезеңде департаментке 1300-ден астам азаматтық өтініш келіп түскен. Оның нәтижесінде 962 адамның еңбек құқықтары қалпына келтірілген. Жыл басынан бері 139 тексеріс жүргізіліп, 140-тан астам заң бұзушылық фактісі тіркелген. Соның ішінде жұмыс берушілерге 92 нұсқама беріліп, 61 заңды тұлғаға жалпы сомасы 10 миллион теңгеден асатын айыппұл салынған.
– Облыста ұжымдық шартпен қамтылу көрсеткіші ірі кәсіпорындарда – 78,2%, орта кәсіпорындарда – 77,1%, ал шағын кәсіпорындарда – 33,9%-ды құрап отыр. Сонымен қатар, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету де басты назарда. Жыл басынан бері 36 өндірістік жазатайым оқиға тіркелді. Мұндай жағдайлардың алдын алу мақсатында еңбек тәуекелдері картасы арқылы мониторинг жүргізілуде, – деді департамент басшысы.
Сонымен бірге, өңірде электронды еңбек шарттарын енгізу жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда 6300-ден астам кәсіпорын 103 мыңнан астам шартты тіркеген. Бұл көрсеткіш жалпы қамтудың 87%-ын құрайды. Бұдан бөлек, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен пробация есебінде тұрған тұлғаларды жұмыспен қамту квотасына қатысты бақылау да күшейтілген.
В Атырау +3