
Атырау облысында радикалды діни ағымдарға тартылған азаматтарды қоғамға бейімдеу бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Биылғы жылдың алғашқы алты айында 2 006 адаммен жеке оңалту кездесулері өткізілген.
Нәтижесінде 1 076 адам қоғаммен қайта байланыс орнатып, 272-сі толық оңалту курсынан өткен. Бұл туралы облыстық дін істері басқармасының басшысы Қаһарман Мұсаев хабарлады.
Басқарма жетекшісінің айтуынша, өңірде бұл бағытта 74 теолог пен 2 психолог қызмет етеді. Сонымен қатар, жазасын өтеушілермен жұмыс та жүйелі түрде жүргізілуде.
– Қылмыстық-атқару жүйесіндегі мекемелерде 245 сотталушымен 361 жеке кездесу өткізілді. Соның ішінде 34 адам дәстүрлі құндылықтарға бет бұрып, қоғамға бейімделді. Бұл – деструктивті көзқарастардан арылудың нақты нәтижесі, – деді Қаһарман Мұсаев.
Сондай-ақ, дінге қызығушылық танытып жүрген жасөспірімдермен де арнайы жұмыс жүргізілген. Атап айтқанда, 91 жаспен 98 кездесу өтіп, нәтижесінде 14 жас толық оңалудан өтіп, 57-сі қоғамға бейімделген.
Сала басшысының сөзінше, бұл көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өскен: толық оңалудан өткендер саны үш есе, ал бейімделгендер екі есе артқан.
В Атырау +4