
Атырау қаласындағы бірқатар мектептерде оқушыларға арнайы галстук тағу туралы ұсыныс енгізілген. Бірақ бұл жаңашылдық кей ата-аналардың наразылығын тудырды.
Мәселен, Нұрлан Балғымбаев атындағы №42 мектепте оқушыларға мектеп логотипі бар галстук тіктірілмек. Оның бағасы - 2200 теңге.
- Мектепте қаншама бала оқиды. Барлығынан 2200 теңгеден жиналса, ол үлкен сома. Алмайық десек, баламыз жылайды, қатардан қалдырғымыз келмейді. Алайық десек, қалтамыз көтермейді. Неге арзанға жасамайды? -дейді ата-аналардың бірі әкімдіктің Telegram-арнасында.
Бұл сұраққа №42 мектеп директоры Айнамкөз Бисенғалиева сол жерде жауап берді. Оның айтуынша, галстук тағу -міндет емес, тек ұсыныс.
- Арнайы мектеп формасына қосымша атрибут ретінде галстук енгізу ұсынылды. Бұл - оқушылардың сыртқы бейнесін жинақы етіп көрсететін элемент, әсіресе іс-шараларда, жарыстарда пайдалы. Сонымен бірге, бұл мектептің имиджін көтеруге сеп болады. Мұндай ұсыныс - оқушылардың өз мектебіне деген құрметін, Нұрлан Балғымбаев сынды тарихи тұлғаға мақтаныш сезімін арттыру мақсатында жасалды. Бірақ ешкімді сатып алуға мәжбүрлеген жоқпыз, сыныппен бірлесе шешсе, келісім бойынша алынады, - деп жауап берді мектеп директоры.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
В Атырау +3