
Атырау облысының Қызылқоға аудандық соты марихуана есірткі затын медициналық мақсатта емес тұтыну бойынша айыпталған азамат Б.-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарады (Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 440-1-бабының 1-бөлігі). Бұл туралы соттың баспасөз қызметі хабарлады.
Сот анықтағандай, азамат Б. Сағыз станциясы темір жолшылар демалыс орнында, қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерiнсіз марихуана есірткі затын медициналық емес, басқа мақсатта тұтынған.
Сот отырысында Б. әкімшілік құқық бұзушылық жасаған кінәсін мойындап, жиырма күн бұрын жолдан тауып алғанын, жасаған әрекетіне өкінетінін, отбасында жалғыз асыраушысы екенін, жеті балалары барын айтып өзіне жеңіл жаза тағайындауды сұрады.
ӘҚБтК-нің 440-1-бабының 1-бөлігінің санкциясында 40 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу не 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі әкімшілік жауаптылық көзделген.
Сот қаулысымен Б. әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған әкімшілік жаза ретінде 110 096 теңге әкімшілік айыппұл салынды.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.
В Атырау +3