
Атырау қаласына қарасты Еркінқала ауылында 150 оқушыға арналған музыка мектебінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл – мәдени бағыттағы алғашқы білім беру нысаны болмақ, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жаңа мектеп ауыл балаларының өнерге деген қабілетін дамытып, кәсіби бағытта білім алуына жол ашады. Енді Еркінқаланың жас жеткіншектері туған жерінен алысқа шықпай-ақ, музыкамен шұғылданып, шығармашылық әлеуетін аша алады.
Екі қабатты білім ордасының жалпы ауданы – 2500 шаршы метрден асады. Оның ішінде 1500 шаршы метрі оқу кабинеттері мен қызметтік бөлмелерге арналған. Құрылыс көлемі 12 мың текше метрден асып, ғимарат 1000 шаршы метр аумақта бой көтеруде.
Биыл ақпанда басталған құрылыс жұмыстарының қазіргі таңда 50 пайызы аяқталған. Жобаны жыл соңына дейін толық аяқтап, пайдалануға беру көзделіп отыр.
Жобаның тапсырысшысы – Атырау облысының Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы, ал бас мердігер — «Еламан Ойл» ЖШС.
– Бұл нысан – Еркінқала тұрғындары үшін аса маңызды. Музыка мектебі – балалардың өнермен етене танысуына, шығармашылықпен айналысуына үлкен мүмкіндік. Құрылыстың қарқыны бекітілген кестеге сай жүріп жатыр. Сонымен бірге мектептің сәулеттік келбеті қазіргі заман талабына сай жасақталып, ауылдың көркін аша түседі деген сенімдеміз, – деді басқарма басшысы Нұрберген Құсайынов.
Айта кетейік, бұл – Еркінқала ауылындағы алғашқы музыка мектебі. Жаңа нысан ауылдың мәдени өміріне серпін беріп, жас өнерпаздардың кәсіби жолға қадам басуына негіз болмақ.
В Атырау +3 


