
Бүгінде Атырау өңірінде Теңіз кен орны аумағында жаңадан бой көтеретін газ сепарациялау кешенінің (ГСК) құрылысы жергілікті тұрғындар арасында кеңінен талқылануда. Жаңа нысанның өңірдің дамуына, әсіресе жергілікті еңбек нарығына әсері жұртшылықты ерекше қызықтырады. Осы сауалдардың жауабын білу үшін біз «KMG PetroChem» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Персоналды басқару департаментінің директоры Әбдінәдір Айтматовпен сұхбаттастық.
Әбдінәдір мырза, сіздің ойыңызша, бұл жобаның қоғамда үлкен қызығушылық тудыруының себебі неде?
Себебі айқын: бұл – жай ғана инфрақұрылымдық нысан емес, ұзақ мерзімді әсері бар стратегиялық индустриялық жоба. Халық бұл жобадан жаңа жұмыс орындарын, жергілікті дамуға серпін беретін нақты нәтижелер күтеді. Ал біз, жауапты тарап ретінде, олардың бұл сенімін қолдаймыз. Бұдан да маңыздысы – біз бұл уәдені құрғақ сөзбен емес, нақты тетіктер арқылы тұрақты тәжірибеге айналдыруды өз міндетіміз деп санаймыз.
– Қандай тетіктер көзделген? Жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға қандай кепіл бар?
Негізгі міндеттемелердің бәрі төрт тарап арасында жасалған өзара іс-қимыл туралы Меморандумда бекітілген. Оған ҚМГ, KMG PetroChem, EPC-мердігер (CCC атынан) және Атырау облысы әкімдігі қол қойды. Бұл құжат жай ғана ниет туралы декларация емес, онда тараптардың рөлі, тетіктері, мақсатты көрсеткіштері мен жауапкершілігі нақты көрсетілген. Алдын – ала есепке сәйкес, құрылыс жұмыстары қарқын алған кезеңде 3500 жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Мердігерге жұмысшы мамандықтар бойынша қызметкерлердің басым бөлігін Қазақстан Республикасының азаматтарынан іріктеуге міндеттеледі. Бұл ретте Атырау және Маңғыстау облыстарының тұрғындарына басымдық беріледі. Бұл талап тек бас мердігерге ғана емес, оның барлық қосалқы мердігерлеріне де жүктеледі. Бұл – аса маңызды мәселе.
– Үміткерлерді іздеу, іріктеу және мердігерге ұсыну жұмыстарына кім жауапты? Атырау облысының тұрғындары бұл тізімдерге қалай ене алады?
Жұмыс жергілікті әкімдікпен бірлесіп ұйымдастырылады. Үміткерлер базасын әкімдік құрады, скрининг жүргізеді, алдын ала іріктеуге көмектеседі. Тізімдерге нақты біліктілігі мен тәжірибесі жеткілікті және жұмыс істеуге ынтасы бар азаматтар енгізіледі деп сенеміз. Кейін үміткерлердің тізімі мердігерге беріледі. Мердігер әр үміткерді қарастыруға міндетті. KMG PetroChem үйлестіруші рөлін атқарады: ақпарат жинаймыз, нысаналы көрсеткіштердің орындалуын бақылаймыз және ҚазМұнайГаз мен уәкілетті органдарға есеп береміз.

– Ал оқыту, бейімдеу, біліктілікті арттыру мәселесі ше? Өйткені кез келген азаматтың ірі өнеркәсіп алаңындағы жұмысқа дайын болмауы мүмкін ғой?
Өте орынды сұрақ. Мердігер әр жұмысшыны өндіріске оқыту мен нұсқаулық өткізуді өз міндетіне алады. Бұл – негізгі қағида. Біз жұмыспен қамтумен қатар, қызметкерлер мен жұмысшылардың құзыретін дамыту қажеттігі туралы да міндеттемелер қоямыз. Осы бағытты жұмыс жүргіземіз. Білікті жұмыс күшіне сұраныс артқан сайын, жергілікті колледждерді тартып, қажетті мамандарды даярлау бойынша оқу модульдерін жетілдіру бағытында жұмыс жүргіземіз, соның ішінде халықаралық сарапшыларды да жұмылдырамыз. Бұл бір реттік шара емес – бұл өңірдің адами капиталына салынған инвестиция. Алдын ала есептеулер бойынша, пайдалану кезеңінде мұнда білікті мамандар үшін шамамен 400 тұрақты жұмыс орны ашылады.
– Мердігер өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда санкциялар немесе ықпал ету тетіктері қарастырылған ба?
Біріншіден, біз мердігердің тұрақты есеп беріп отыру міндетін келісімшартқа енгіздік. Есепте қазақстандық қызметкерлердің үлесі, еңбекақы қоры және жұмыс сағаты көрсетіледі. Екіншіден, бұл талаптардың жүйелі түрде орындалуын ҚазМұнайГаз, жергілікті әкімдік және біз де назарда ұстаймыз. Мердігердің келісімшарттағы міндеттемелерді орындамауы негізгі келісімшарттың беделіне де, экономикалық параметрлерге де әсер етуі мүмкін. Біз бұған жол бермейміз. Бақылау тетіктері де, әрекет ету өкілеттіктері де толық қарастырылған.
– Осы жобадағы өз рөліңізді қалай бағалайсыз?
Персоналды басқару жөніндегі директор ретінде, мен үшін бұл жоба – тек міндет емес, мүмкіндік. Қазіргі HR жүйесі – тек кадрлық құжаттар емес, сонымен бірге қоғамның дамуына нақты үлес қосу мүмкіндігі. Өзім Қазақстанның батысынанмын. Сондықтан мен үшін жергілікті жастардың өзге елдерге жұмыс іздеп кетпеуі – аса маңызды. Олар өз болашағын осы Атырауда, туған жерінде құрғанын қалаймын. Бұл жоба дәл сондай мүмкіндік береді. Енді біз оны абыроймен жүзеге асыруымыз қажет.

В Атырау +3