
Атырау облысында атыс қаруының заңсыз айналымының жолын кесу және азаматтық қару иелерінің жауапкершілігін күшейту мақсатында «Мерген» және «Қару» атты республикалық жедел-профилактикалық іс-шаралар өтті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Шара барысында полиция қызметкерлері қарудың заңсыз айналымы мен тасымалын анықтау, сондай-ақ тіркелген қаруды сақтау мен пайдалану талаптарының орындалуын қадағалады.
Облыстық полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы Ерболат Жүсіпқалиевтің айтуынша, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 482-бабы (атыс қаруын заңсыз сақтау, иемдену, тасымалдау және өткізу) бойынша 13 дерек тіркелген.
Ал 484-бапқа сәйкес азаматтық және қызметтік қару айналымы талаптарын бұзған 201 жағдай, сондай-ақ 486-бап бойынша қаруды тіркеу және қайта тіркеу ережесін сақтамаған 67 азамат анықталған.
– Бұл көрсеткіштер қару айналымын бақылауды күшейту қажеттігін көрсетіп отыр. Мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасады, – деді Ерболат Жүсіпқалиев.
Сондай-ақ рейдтік іс-шаралар барысында ұзақ уақыт бойы тіркелген мекенжайында тұрмаған немесе мекенжай ауыстырғаннан кейін қайта тіркелмеген қару иелері де анықталған.
В Атырау +3