Атырау, 6 желтоқсан 09:18
 ашықВ Атырау +3
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

«Балдәуреннің» болашағы қандай?

Сурет
518 рет қаралды
Индербордағы «Балдәурен» балабақша. Сурет — Ләззат Қаражанова, коллаж – «АЖ»

Индербор кентіндегі 320 орындық «Балдәурен» балабақшасының ертеңіне ел алаңдаулы. Бірақ балабақша  балаларды қабылдап, жұмысын жасап жатыр.

- Өзім жұмыстамын, баламды апарар жер болмағандықтан осы балабақшаға берген болатынмын. Алайда балабақшаның қазіргі кейпі адам шошырлық күйде. Неге осы уақытқа дейін бұл ғимаратты жөндеуден өткізбеген? Құзырлы орындар орындар неге көңіл аудармаған? - дейді аты-жөнін айтудан бас тартқан жас келіншек.

Балабақша ғимараты 1990 жылы салынып, «Арман» деген атпен жұмысын бастаған. Бірақ жеті жылдан кейін балабақша жабылып қалған. Бос тұрған ғимаратқа аудандық аурухана көшіп келіп, 2006 жылға дейін жұмыс жасаған. Ауруханаға жаңа ғимарат салынғаннан кейін оның орнына қайтадан балабақша ашылады. 

Бірақ осы жылдар ішінде ғимаратқа күрделі жөндеу жүрмепті, тек 2017 жылы төбесінен су кеткеннен кейін шатыры ауыстырылып, сыртын қаптау жүрген. Алайда бұл жұмыстар сапасыз жасалғандықтан шатырынан су кету әлі бар. Оның үстіне азып-тозған балабақшада кафелдер түсіп, линолеумдер жыртылып, терезе ашылып-жабылудан қалған. Едендер тозғандықтан сыры кетіп, ақжемделіп жатыр. Сыртқы ойын алаңының да күйі кеткен. Канализация құдығы дәл ойын алаңында орналастырылған. Ал аурухананың көшкеніне жиырма жыл өтсе де кір жуатын құрылғылары бар ғимарат балабақшаның территориясында тұр.

- Ғимарат жазда ыссы, қыста салқын. Екінші қабаттағы дәліздердің бойындағы шатырдан су кетіп  берекетті алып тұр. Терезелердің резеңкілері тозып, салқындықты ұстамайды. Канализация жиі істен шығады, құбырлар ескірді. Токтар да қорқынышты күйде, қуаты аз болғандықтан балаларға тамақты әзер пісіріп отыр. Желдеткіштерді көтермейді, жалпы ток қуаты өте аз. Ғимараттың ішкі бөлігі қапырық болып тұратыны сондықтан. 2022 жылдан бері күрделі жөндеу қажет деп айтудан келеміз, неге екенін кейінге қалып келеді, - дейді балабақшаның шаруашылық ісі жөніндегі меңгерушісі Гүлайым ЖАЛҒАСБАЕВА.

Балабақшаға биыл жөндеу жүргізу үшін сметалық жобасы ұсынылғанымен ол құжат сараптамадан өтпеген. Себебі, канализация мен жылужай балабақшадан 50 метр қашықтықа болуы тиіс екен. Балабақшаның жер көлемі 86 шаршы метр. Ол 136 шаршы метр болуы керек.

- Мен осы балабақшада 14 жыл тәрбиеші болып еңбек еттім. Бұрынғы басшымыз зейнеткерлік демалысқа шықты, 1 шілдеден бастап осы орынға келдім. Бізде жер тапшы, балабақшаның қасында саябақ бар. Сол жерді сұрап отырмыз, аудан әкімі Серік НЫСАНОВ келіп көріп кетті. Күрделі жөндеу жүргізу үшін алдымен осы жерді балабақшаның құзыретіне рәсімдеуіміз керек екен. Оның үстіне біраз жер көлемін бұрынғы аурухананың кір жуатын бөлігі алып отыр, соның бәрі реттелгенде ғана балабақшаға күрделі жөндеу жұмысын сұрата аламыз, - дейді «Балдәурен» балабақшасының меңгерушісі Жанар НҰРМАНОВА.

Күні бүгінде 320 орындық балабақшаға 120 бала ғана келіп отыр. Меңгеруші жаз кезінде балалардың азаятынын, негізі 200-ге дейін балалар қабылданатынын айтты. Балабақшада 82 адам еңбек етеді.

- Балабақшаның жай-күйімен жақсы таныспын. Білім бөліміне хаттар жіберілді. 2024 жылы балабақшаға 424 мың теңге айыппұл да салынып, бірнеше ескертпелер берілді. Балабақшаны жауып тастауға негіз жоқ, ол біздің құзыретімізге кірмейді. Әрі балабақша апатты деп танылмаған. Ғимарат толық күрделі жөндеуді қажет етіп тұр,-дейді аудандық санитариялық эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ақмарал ДОСЫМБЕТҚЫЗЫ.

- Балабақшаның сметалық жобасы жасақталғанымен екі рет сараптамадан өтпей қалған. Негізі күрделі жөндеу жұмысына 500 млн теңгенің үстінде қаржы керек деп көрсетілген. Балабақшаның басшылығы да жиі ауысты, бұрынғысы зейнеткерлік демалысқа шықты, оның орнына уақытша қызметкер болды, енді ғана тұрақты басшы тағайындалды. Сараптамадан өтпей қалуы балабақша жерінің көлемінің аздығына тікелей қатысты болып тұр. 14 топтың өз алдына бөлек ойын алаңы болуы керек екен. Оның үстіне аурухананың кір жуатын бөлігі де осы аулада орналасқан. Оны көшіру үшін аудандық ауруханадан қосымша ғимарат салынып барып көшірілетін болып тұр. Кент әкімшілігінің қарамағындағы саябақ жерінен де жер сұратылып отыр. Бірақ осы процедуралар биыл бітпейтіні анық, келесі жылға қалып отыр. Балабақшаның қазіргі жай-күйінің сын көтермейтініне қарамастан бала қабылдау жүруде. Өйткені балабақшаға ата-аналар тарапынан сұраныс бар,-дейді аудан әкімінің орынбасары Артур МУРЗИН.

Шетте қалып, шетқақпай көрген балабақшаның жайы осындай болып тұр.            

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттерді түсірген автор

8 тамыз, 12:44

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.