Атырау, 6 желтоқсан 08:26
 ашықВ Атырау +3
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

Доссор тұрғыны үй алдына салынып жатқан құрылысқа шағымданды

Бейнежазба
375 рет қаралды
Видеодан скриншот

Доссор кентінің тұрғыны Жанболат Исмағамбетов үйінің дәл алдына құрылыс басталғалы жатқанын айтып, редакциядан көмек сұрады. 

Оның айтуынша, үйінің қақпасы алдына қазық қағылып, таспа тартылған. Құрылыс алаңы солай белгіленіп, қоршалған. Егер құрылыс басталса, тұрғын үйге кіріп-шығу, көлікпен өту мүлдем қиындайды.

– Қабырға тұрғызылса, қақпамнан көлік өте алмайды. Үйіме кіріп-шығудың өзі қиын болады, – дейді тұрғын.

Ол бұл мәселе бойынша Доссор кенті мен Мақат ауданы әкімдіктеріне бірнеше рет жүгінгенін, алайда еш нәтиже болмағанын айтады.

– Ешкім ештеңе істемейді. Бәрі үнсіз. Кімге барарымды білмей отырмын, – дейді ол.

Исмағамбетовтің айтуынша, әкімдік пен құрылысшылар оған қақпасын басқа жақтан шығарып беруді ұсынған. Алайда ол бұл шешіммен келіспейді:

– Құрылыс жоспарланған кезде әкімдік қайда қараған? Үйдің бар екенін, бұл жерде адамдар тұратынын білмей ме? Доссордағы әр үйдің орналасуын әкімдік жақсы біледі. Неге алдын ала ескерілмеген? – деп ренішін білдіреді.

Оның жұбайы, үй иесі Күлшат Сатанғұлова да бұл жағдайға байланысты бірнеше мекемеге арыз түсірген. Атап айтқанда, ол Атырау облыстық прокуратурасына, Полиция департаментіне, Төтенше жағдайлар департаментіне және Мақат ауданы әкімдігіне жазбаша шағым берген. Сонымен қатар, Президент әкімшілігі мен Жер ресурстарын басқару комитетіне де жүгінген.

Сатанғұлованың сөзінше, салынып жатқан ғимарат тұрғын үйдің дәл кіреберісі мен қақпасына қарсы орналасқан. Ол бұл жағдайда үйге кіру мүмкін болмай қалатынын айтқан. Қақпаны басқа жақтан шығару ұсынылғанымен, ол аумақта кәріз құдығы мен су құбыры орналасқан. Кәріз қақпағы бүгінде құлап жатыр, ал ол бағыттан есік шығару мүмкін емес.

– Үйіміз республикалық маңызы бар жолдың бойында орналасқан. Егер есік жолға қаратып ашылса, бұл жол қозғалысы ережелеріне де, қауіпсіздік талаптарына да қайшы келмей ме? – дейді ол.

Оның айтуынша, салынып жатқан нысан өрт қауіпсіздігі талаптарына да сәйкес келмейді. Қолданыстағы норматив бойынша, учаскелер арасындағы өртке қарсы жол кемінде 6 метр, ал гидрант болған жағдайда 8 метр болуы тиіс. Бұл талап сақталмаған, әрі өрт сөндіру техникасының өтуіне кедергі келуі мүмкін.

Арызында ол: 

  • Құрылыстың заңдылығын тексеруді; 
  • Тұрғын үй мен құрылыс арасындағы өртке қарсы жол енін нақты өлшеп, талапқа сәйкестігін анықтауды; 
  • Үй алдына кіріп-шығу мен көлік кіру мүмкіндігін заң аясында қамтамасыз етуді сұрайды.
– Доссор әкімдігі жобалау кезінде заңбұзушылыққа жол беріп, бастапқы сызбаның дұрыс еместігін мойындағанымен, оны түзетуден бас тартып отыр. Құжатты қайта жасау шығын әкелетінін айтып, екі ай уақыт қажет дейді. Бірақ біздің пікірімізбен санаспай, есік пен қақпаны жауып тастаймыз деп шешім шығарды. Ал бұл жерде екі мүгедек тұрады, жедел жәрдем күн ара келеді. Біздің талабымызға жауап ретінде есікті көше жағына шығару ұсынылды. Бірақ ол жерде орталық кәріз, су, газ жүйелері орналасқан. Ондай жол салу заңға қайшы! – дейді Сатангұлова.

Оның айтуынша, егер құрылыс 5 метрге ғана жылжытылса, ешқандай дау туындамас еді. Бірақ әкімдік бастапқы сызбаны өзгерту – қосымша шығын деген уәжбен қарсы шығып отыр.

Сатанғұлова аталған мәселе бойынша 4 тамыз күні Атырау облыстық Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасына да бармақ болған. Алайда ол жақта өтінішін қабылдамаған. 

Бұл мәселеге қатысты жауаптар келіп түскен мекемелер де бар. Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің Мақат аудандық бөлімінің бастығы Ж. Абдуллаевтың жазбаша жауабында:

– Үйге жанынан кіріп-шығу мүмкіндігі бар. Бұл өрт қауіпсіздігі талаптарына сай. Төтенше жағдай кезінде өрт сөндіру техникасының кіруіне және эвакуация жүргізуге мүмкіндік бар, – деп көрсетілген.

Мақат ауданы полиция бөлімі бастығының м.а. М. Мұқашевтың жауабында:

– Жер учаскесін бөлу мәселесі полицияның құзыретіне кірмейді. Бұл мәселе бойынша Мақат ауданы әкімінің аппараты жанындағы жер қатынастары бөліміне жүгіну қажет, – делінген.

Редакция облыс әкімдігінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиевке ресми сауал жолдады. Онда төмендегі сұрақтар қойылған:

  • Аталған жер теліміне қандай нысан салынуы жоспарланған? Құрылыс қай бағдарлама немесе жоба аясында жүзеге асырылып жатыр?
  • Құрылыс басталар алдында жергілікті тұрғындармен, атап айтқанда Жанболат Исмағамбетов пен оның жұбайымен қоғамдық талқылау немесе келіссөз жүргізілді ме?
  • Жеке тұрғын үйдің алдына есік пен қақпаны жауып құрылыс салу қаншалықты заңды? Бұл жағдайда қандай шаралар қарастырылуда?
  • Құрылыс алаңында бірнеше ағаштың кесілетіні рас па? Егер рас болса, оған рұқсат алынған ба және экологиялық шығын кім тарапынан өтеледі?

Редакция әкімдіктен жауап күтеді.

Айнұр САПАРОВА

Видеоны Доссор тұрғыны өзі жолдаған

7 тамыз, 12:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.