
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов қытайлық Power Construction Corporation of China (Power China) компаниясының өкілдерімен кездесу өткізді. Бұл корпорация инфрақұрылым мен энергетика саласындағы әлемдік жетекшілердің бірі болып табылады. Кездесуде өңірдің басым даму бағыттары бойынша ынтымақтастық мүмкіндіктері қаралды.
Атап айтқанда, Атырау қаласындағы орталық көпірді қайта жаңғырту мәселесі талқыланып, қытайлық мамандар нысанның қазіргі жағдайымен танысып, жобаны әзірлеуге дайын екендерін жеткізді. Облыс әкімі жобаны жеделдетіп іске асыру және тұрғындарға қолайсыздықты азайту қажеттігін атап өтті. Осы мақсатта арнайы жұмыс тобы құрылды.
Сонымен қатар, Жайық пен Қиғаш өзендерінің арнасын тереңдету, тасқын су жинау үшін гидротехникалық құрылғылар салу, реттеу нысандарын орнату, сарқынды суды тазалау, кәріз жүйесін дамыту және тұрмыстық қатты қалдықтарды тиімді пайдалану саласындағы бірлескен жобаларға да басымдық берілді.
Облыс әкімі Серік Шәпкенов Жайық пен Қиғаш өзендерінің арнасын тереңдету мәселесінің әрдайым назарда болуы керектігін, оны арнайы мамандандырылған жергілікті кәсіпорындар тұрақты түрде орындауы маңызды екенін жеткізді.
Power China International Eurasian компаниясының бас директорының орынбасары Тан Сяофэн корпорацияның өңірмен ұзақ мерзімді серіктестік құруға үлкен қызығушылық танытқанын айтты. Компания энергетика, гидротехника, инфрақұрылым және экология салаларында озық технологиялар мен инвестиция, эксперттік қолдау ұсынады.
Аймақ басшысы бұл ұсынысты жоғары бағалап, талқыланған жобалардың стратегиялық маңыздылығын атап өтті.
Анықтама: Power China – әлемнің 100-ден астам елінде ауқымды жобаларды жүзеге асыратын ірі қытайлық мемлекеттік инжинирингтік компания. Негізгі қызмет бағыттарына гидроэнергетика, энергетикалық инфрақұрылым, жылу энергетикасы, жаңартылатын энергия көздері, кәріздік сорғы бекеттері, экологиялық және ресурсты үнемдейтін технологиялар жатады.
В Атырау +3