Атырау, 6 желтоқсан 10:13
 ашықВ Атырау +3
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

​Атырау облысында жаңа оқу жылында 17 мыңға жуық бала 1-сыныпқа барады

286 рет қаралды

2025-2026 оқу жылында Атырау облысында 1-сыныпқа 16 762 оқушы барады деп күтілуде. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 054 балаға артық, деп мәлімдеді Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Электрондық форматта 12 мыңға жуық ата-ана балаларын тіркеп үлгерген. Ал қағаз түрінде 798 өтініш қабылданған. Құжат қабылдау мерзімі 31 тамызға дейін жалғасады.

Облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Айнагүл Жұмағазиеваның айтуынша, бірінші сыныпқа қабылданатын балалардың негізгі бөлігі Атырау қаласына тиесілі. – Денсаулық сақтау министрлігінің №76 бұйрығына сәйкес, әр сыныпта 25 оқушыдан артық болмауы тиіс. Биыл 1-сыныпқа қабылдау eGov порталы арқылы жүргізілді. Қазіргі уақытта 1-сынып мұғалімдері жеткілікті, педагог тапшылығы жоқ. Барлық оқушы оқулықтармен толық қамтылады, – деді ол.

Оқушылардың 70%-ы қазақ тілінде, ал 30%-ы орыс тілінде білім алуды таңдаған. Сонымен қатар 4-22 тамыз аралығында мектепке дайындық мақсатында «Балақайлар мектебі» ұйымдастырылуда. Бұл бастама балалардың жаңа ортаға бейімделуіне көмектесуді көздейді.

Қ.Сәтбаев атындағы №19 орта мектептің директоры Ақылбек Мырзағалиевтің айтуынша, – «Балақайлар мектебіне» 50-ден астам бала қатысып жатыр. Олардың арасында балабақшаға бармаған, үй жағдайында тәрбиеленген балалар да бар. Бұл бағдарлама әсіресе сол балаларға бағытталған. Сабақтар аптасына 5 рет, күніне 4 сабақтан өтеді, – деді ол.

Дайындық сабақтары таңертеңгі 9:00-ден 11:30-ға дейін өтеді. Бағдарламада сауат ашу, математика және көркем әдебиет пәндері қамтылған.

6 тамыз, 14:51

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.