
Атырауда елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандырудың кешенді жолдарын қарастыратын семинар-кеңес ұйымдастырылды. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев жүргізді. Оған ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, «Қазақстан Тұрғын үй компаниясы» АҚ, Астана қаласының «Урбанистика орталығы», сондай-ақ облыстық және қалалық әкімдік өкілдері қатысты.
Қайрат Нұртаев урбанистика саласының аймақтарды дамыту мен халықтың тұрмыс сапасын жақсартудағы маңызын атап өтті. Оның айтуынша, Атырау облысында бұл бағытта жүйелі шаралар қолға алынып, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде елді мекендерді заманауи, қауіпсіз және қолайлы ету жоспарланып отыр. Мысалы, Атырау қаласының орталығындағы ескі тұрғын үйлер сүріліп, олардың орнына мектеп, балабақша, көпқабатты үйлер және жаңа Орталық саябақ бой көтереді. Сонымен қатар Бейбітшілік және келісім сарайын салу көзделген.
Атырау қаласы әкімінің орынбасары Тілек Махуовтың мәліметінше, бүгінде қалада 133 мыңнан астам ағаш өсіп тұр. 2024–2025 жылдары «Ретро», «Жеңіс», «Жастар» саябақтары мен түрлі алаңдарда көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, 5 мыңнан астам көшет отырғызылған.
Қала инфрақұрылымы да жаңғыртылуда. Сәтпаев даңғылы мен оған іргелес көшелерде жол жөнделіп, тротуарлар мен субұрқақтар орнатылып жатыр. Бұл жұмыстар 2026 жылы аяқталады.
2024 жылы 17 кіші футбол алаңы мен 40 балалар ойын алаңы жаңартылып, тағы 15 жаңа алаң салынды. Ал 2025 жылы қосымша 27 ойын алаңы орнатылады. Исатай-Махамбет және С.Мұқашев алаңдарында үлкен ойын кешендері бой көтерді.
Тілек Махуов қала аумағын көркейтуге бағытталған кешенді жоспар бар екенін айтты. «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында алдағы жылдары 40 балалар ойын алаңы мен 27 спорт және жаттығу алаңы орнатылады. Сонымен қатар, 2026–2030 жылдары Жайық өзенінің екі жағы абаттандырылып, Нұрсая мен Самал шағынаудандарында жаңа саябақтар салынады. 150 ауланы абаттандыру жобасы да кезең-кезеңімен іске аспақ.
Семинар соңында Қайрат Нұртаев елді мекендердің келбетін жақсарту мен халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бастамаларды қолдау қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар бұл саланы тиімді жүзеге асыру үшін мамандардың біліктілігін көтеру керектігін жеткізді.
В Атырау +3