
Иранда терроризм мен тыңшылық айыптары тағылған екі азаматқа шығарылған өлім жазасы орындалды. Бұл туралы АА IRNA ресми ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.
Хабарламаға сәйкес, таңертең Мехди Аскарзаде мен Рузбех Вади өлім жазасына кесілді. Аскарзаде — лаңкестік ұйым ДАИШ-тың мүшесі, ал Вади — Израильдің «Моссад» барлау қызметіне тыңшылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған.
Екі үкім де бұған дейін Иран Жоғарғы сотының шешімімен бекітілген болатын.
Тергеу материалдарына сай, Аскарзаде Сирия мен Иракта әскери және идеологиялық дайындықтан өтіп, Сириядағы қақтығыстарға қатысқан және Иран аумағында терактілер ұйымдастыруды көздеген.
Ал Рузбех Вади елдің маңызды мемлекеттік мекемелерінің бірінде жұмыс істеген және әлеуметтік желілер арқылы «Моссад» агенттерімен байланысқа шыққан. Тергеу барысында оның Австрия астанасы Венада агенттермен бірнеше рет кездескені анықталған.
Иран тарапының мәліметінше, Вади Израильге Иранның жетекші ядролық технологиялар маманы туралы құпия мәліметтерді берген, кейін ол маман Израиль соққысы салдарынан қаза тапқан.
В Атырау +4