
Атыраудағы тергеу соты блогер Құндыз Идрисованы тергеу изоляторынан үйқамаққа ауыстыру туралы өтінішін қанағаттандырмады. Осылайша, ол сотқа дейінгі тергеу кезеңінде қамауда қала береді.
Бастапқыда Идрисова ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы («Бопсалау») бойынша айыпталды. Тергеу мәліметіне сәйкес, ол Instagram желісінде компроматтық ақпаратты жою үшін кәсіпкерден ақша талап еткен. Алайда қазір іс бойынша тағы бір айып — ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабы («Билік өкіліне күш қолдану») қосылды. Ол ұсталған кезде полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсетіпті.
Туыстарының айтуынша, құқық қорғау органдары Құндыз бен оның балалары тұрған пәтерге ешқандай құжат көрсетпей, өздерін таныстырмай, аяқ киімдерін шешпестен кірген. Олардың айтуынша, Құндызды олар қорқып кеткен балаларының көзінше еденге құлатқан.
— Осы оқиға бойынша қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің «Бопсалау» және «Билік өкіліне күш қолдану» баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Басқа ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді, — деп мәлімдеді Атырау облысы Полиция департаменті.
Айгүл МАНСУРОВА
В Атырау +3