Атырау, 6 желтоқсан 10:14
 ашықВ Атырау +3
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

Атырауда үздік теміржолшылар ​марапатталды

334 рет қаралды

Атырауда ел экономикасының басты тірегі саналатын теміржолшылар күні кең көлемде тойланды. Шараға сала ардагерлері мен теміржол саласында еңбек етіп жүрген жұмысшылар қатысты.

Мерекелік жиынды Атырау жүк тасымалы бөлімшесінің бастығы Аслан Базарғалиев пен магистральдық желі бөлімшесінің директоры Аралбай Қосымбаев ашып, сала жетістіктеріне тоқталды. Биылғы жартыжылдық қорытындысы бойынша аймақтағы 16 көрсеткіштің 15-і 100 пайыздан артық орындалған. Жоспарланған 66,7 шақырым жолдың 42,1 шақырымы күрделі жөндеуден өткен. Қозғалыс қауіпсіздігі де қадағалауда – тек бір ғана оқиға тіркелген. Жұмысшылардың қысқы-жазғы киіммен толық қамтамасыз етілуі, соңғы жылдары еңбекақының 80 пайызға артуы да айтылды. 10, 20, 30 жыл бойы еңбек еткендерге сыйақы тұрақты беріліп келеді.

Аймақтық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабиболла Айтимов та сөз алып, теміржолшылардың әлеуметтік жағдайы жақсарғанына ризашылығын білдірді.

Мереке марапатсыз өтпейтіні белгілі. Атырау облысы әкімі С.Шәпкеновтің Алғыс хатына Қарабатан станциясының операторы Айсұлу Жұмағалиева мен Теңдік станциясының кассирі Нұргүл Ораққызы бастаған бір топ қызметкер ие болды.

Айрықша атап өтерлік жайт — «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Талғат Алдыбергеновтің Алғыс хаты Атырау жол дистанциясының жол жөндеушісі, спортшы әрі ерікті Жалғас Мұғамилиннің ата-анасына табысталды. Жас теміржолшы өзінің белсенділігімен және қамқорлығымен көпке үлгі болып жүр.

Теміржол саласындағы ең жоғары марапат — «Құрметті теміржолшы» төсбелгісімен өңірден төрт қызметкер марапатталды: Жаңбырбай Сатов, Зейнолла Аққалжанов, Клара Суриева және Жақсыбай Айтжанов.

Сонымен қатар, 3-ші дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденіне ие болғандар қатарында Даурат Мырзашев пен Айжан Қадырова бар. Ал үздіктер қатарында Хруш Лутов – «Үздік жол жөндеуші», Оңдасын Исалиев – «Үздік вагоншы», Алмат Ахмедов – «Үздік машинист», Жалғас Байдалиев – «Адал еңбегі үшін», Еркінбек Адиев – «Кәсібі бойынша үздік» төсбелгілерін иеленді. Аға электр механик Мұратбек Исабаев «ҚТЖ» Құрмет тақтасына ілінді.

Сонымен қатар жетпістен аса теміржолшы әртүрлі деңгейдегі Құрмет грамотасы және Алғыс хаттармен марапатталды. Мерекелік жиын өнерпаздардың концертімен жалғасты.

6 тамыз, 12:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.