
Атырау қаласында сумен жабдықтау инфрақұрылымын жаңарту бағытында тозығы жеткен, жарамдылық мерзімі өткен 32,7 шақырым су құбырына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі уақытта жобаның үшінші кезеңі басталып, құрылыс-монтаждау жұмыстары Аққыстау көшесі бойында жалғасуда.
Осы уақытқа дейін 434 метр су құбыры ауыстырылып, жалпы жұмыстың 2,1%-ы аяқталды. Жоспарға сәйкес, бұл кезең 2026 жылдың екінші тоқсанында толық аяқталуы тиіс.
– Жобаның көлеміне байланысты жөндеу жұмыстары үш кезеңге бөлінді. Негізгі мердігер – «Бекболатовтар Құрылыс Компаниясы» ЖШС. 2024 жылы бірінші кезеңде 31 шақырымнан астам су құбыры жаңартылып, жұмыстар Ғабдолов, Афанасьев, Құлманов, Сәтпаев, Момышұлы, Е.Досымов, Қ.Қожахмет және Қ.Омаров көшелері мен бірнеше ықшамауданда жүзеге асырылды, – деді ТҮКШ және ТҮИ бөлімі бастығының басты маманы Ербол Айтқалиев.
Ал сәуір айында басталған екінші кезең жобасы 2025 жылдың төртінші тоқсанында аяқталмақ. Бұл кезеңде Масалимов, Қазырет, Өтегенов, Алиев, Сарайшық көшелері мен Атырау-2 ықшамауданы аумағындағы желілерде 4802 метр су құбыры орнатылды. Қазіргі уақытта жұмыстардың 24,6%-ы орындалған.
В Атырау +3