
Атырау облысы және Астана қаласы бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменттері жүргізген тергеу «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ұйымдастырған автомобиль жолдарын жөндеу бойынша мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатысқан кезде «Бірлік Жол Строй» ЖШС мен «NNC group» ЖШС арасында тыйым салынған картельдік келісім болғанын анықтады.
Kompra.kz ақпараты бойынша, «Бірлік Жол Строй» ЖШС 2008 жылы тіркелген. Заңды тұлға соңғы рет қайта тіркелген уақыты 2024 жылдың ақпаны. Компания Астана қаласының Алматы ауданында тіркелген. Директоры және жалғыз құрылтайшысы – Ернат Серіков. ЖШС-нің негізгі қызмет түрі – жолдар мен автомагистральдар салу.
«NNC group» ЖШС 2015 жылы тіркелген, заңды мекенжайы – Құлсары қаласы. Компанияның бірінші басшысы – Әсембек Ақниязов, ал құрылтайшысы – Күлсін Мұхамбетқалиева. Компанияның негізгі қызмет түрі де – жолдар мен автомагистральдар салу.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның мемлекеттік сатып алу конкурстарына екі компанияның қатысуын тексеріп көрдік. Нәтижесінде Түркістан облысындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын орташа жөндеуге арналған құны 3,2 млрд теңге болатын №6815671-1 тендері табылды. Осы тендерге екі компания қатысып, «NNC group» ЖШС жеңімпаз болыптанылған.
Бұл ретте, «NNC group» ЖШС А2 жолының (Өзбекстан шекарасы - Шымкент - Тараз - Алматы - Қорғас) 632-674 км учаскесін орташа жөндеу бойынша келісімшартқа отырған, ал «Бірлік Жол Строй» ЖШС сол республикалық маңызы бар жолдың 742-774 және 774-803 км учаскелерін орташа жөндеу бойынша қызмет көрсетеді.
Бәсекелестікке қарсы органдардың тергеуі осы тендерге қатысты болуы мүмкін.
Тергеу қорытындысын сотта әкімшілік тәртіппен даулау әрекеттері нәтиже бермеді. Бірінші және апелляциялық инстанция соттары шағымдарды қанағаттандырмады, бүгінгі таңда «Бірлік Жол Строй» ЖШС-ның талап-арызын қайтару туралы шешім заңды күшіне енді.
Осыған байланысты, Астана қаласының департаменті заңды тұлғаның тіркелген жері бойынша «Бірлік Жол Строй» ЖШС-на қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 159-бабының 1-бөлігі («Монополистік қызмет») бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғап, материалдарды сотқа жіберді.
Естеріңізге сала кетейік, 159-баптың 1-бөлігінде: «Нарық субъектiлерiнiң Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде тыйым салынған бәсекелестiкке қарсы келiсiмдерi, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi болмаса, монополистiк қызметтi бiр жылдан аспайтын мерзiмде жүзеге асыру нәтижесiнде алынған монополиялық кіріс тәркiлене отырып, шағын немесе орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – монополистiк қызметтi жүзеге асыру нәтижесiнде алынған кірістің (түсiмнiң) – үш, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бес пайызы мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады» делінген.
Жомарт ӘМІРХАНОВ
В Атырау +3