
Астана қалалық сотының баспасөз хабарламасында NCOC компаниясының Экология департаментіне қарсы шағымының мәліметтері жарияланды.
Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы NCOC-тың Атырау облысының Экология департаментіне қарсы берген ұйғарымын заңсыз деп тану және күшін жою туралы шағымын қарады.
Сот анықтағандай, департамент ұйғарымды шығару кезінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде (ӘРПК) көрсетілген процедуралық ережелерді бұзған. Бұл ұйғарымның күшін жоюға негіз болды. Алайда, бұл кемшіліктер түзетуге келетіндіктен, сот экологиялық заңбұзушылықтардың мәнін талқыламай, Экология департаментіне әкімшілік рәсімдерді заң талаптарына сәйкес қайта жүргізуді міндеттеді.
Сот ұйғарымды шығарудағы процедуралық қателіктерге байланысты оның күшін жою, экологиялық заңбұзушылықтардың мүлдем болмағанын білдірмейтінін атап өтті. Сот істі қарау барысында Экология департаментінің анықтаған заңбұзушылықтарының негізділігіне баға берген жоқ.
Сот шешімі, егер ведомство процедуралық қателіктерді түзесе, қайтадан шара қолдану мүмкіндігін жоққа шығармайды. Сондықтан, NCOC компаниясы дауды жеңді деп санау әлі ерте.
В Атырау +4