
Атырау қаласында қоршаған ортаға деген құрметті арттыру, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қалдықтарды қайта өңдеу әдетін насихаттауға бағытталған ерекше экологиялық акция өтті. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында Қайыршақты және Алмалы ауылдық округтерінде «Жасыл ел» жасақтары игілікті шара ұйымдастырды.
Акция шарттары қарапайым әрі тартымды болды: әр тұрғын 5 пластик бөтелке өткізсе, сыйлық ретінде бір балмұздақ алды. Пластик қабылдау небәрі бір сағатқа белгіленсе де, тұрғындар белсенділік танытып, нәтижесінде 60 минут ішінде шамамен 24 мың бөтелке жиналып, қатысушыларға 5 мыңға жуық балмұздақ таратылды.
Бұл шараға қала тұрғындары отбасымен жұмыла қатысты. Мысалы, Мұхамедәлі есімді бала досы Мадиярмен бірге бір күнде бес қап бөтелке жинаған, оларға ата-аналары да көмектескен. Ал Перизат есімді тұрғын бауырларымен бірге төрт қап пластик тапсырған. Көпбалалы ана Айгерім Күлетова төрт баласының да белсене атсалысқанын, тіпті үш жастағы кенжесінің де қуана көмектескенін айтты. «Балмұздақты сатып алуға да болар еді, бірақ мен үшін балалардың тазалықтың маңызын түсініп, еңбекке үйренгені маңызды», — дейді ол.
Осындай экологиялық шаралар қаланың басқа да елді мекендерінде, соның ішінде Береке ауылында да өткізілді. Жиналған барлық пластик қалдықтар қайта өңдеуге жөнелтілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Бұл акция — жай ғана қоқыс жинау емес, балалар мен жастардың экологиялық санасын қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.
В Атырау +3 




