Атырау, 6 желтоқсан 10:14
 ашықВ Атырау +3
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

Мұнай, газ және полипропилен: 2025 жылғы Атырау өнеркәсібінің тынысы

496 рет қаралды

2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Атырау облысының өнеркәсіп саласында айтарлықтай өсім байқалды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Данияр Орынбасаров хабарлады.

Оның мәлімдеуінше, өңірдегі өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі алты айда 6,9 триллион теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 14,2 пайызға артқан.

Мұнай өндіру көлемі 31 миллион тоннаны құрап, жылдық өсім 18,9%-ға жетсе, ілеспе мұнай газы өндірісі 6,3%-ға өскен, 15 миллиард текше метрге жетті.

Өңдеу өнеркәсібі де оң динамика көрсетті: өндіріс көлемі 460 миллиард теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 100,1 пайызды құрады. Химия саласында өнім шығару 36,7%-ға өсіп, 105,4 миллиард теңгеге жетті.

– Өңірде мұнай-химия кластері құрылып, оның құрамында KPI зауыты биыл 219 мың тонна полипропилен өндірді. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 458 мың тоннаға дейін артады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар «Форсаж» бағдарламасы аясында полимер өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорындар медициналық шприцтер, тұрмыстық пластик бұйымдар, құрылысқа арналған геосинтетикалық төсемдер мен полипропилен қапшықтарын өндіре бастады. Құрылыс материалдары өндірісі 43%-ға өскен және 14,6 миллиард теңгеге жетті. Машина жасау саласында да өсу бар – 61,3%-ға артқан бұл сала 62 миллиард теңгені құрады. TEXOL компаниясының вагон-доңғалақ зауыты мен шеберханасы биыл іске қосылды. Бұрын бұл өнімдер шетелден әкелінсе, енді отандық өндіріс толық қамтамасыз етеді, – деді Данияр Орынбасаров.

Брифинг соңында басқарма басшысы өңірде өнеркәсіп пен кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған жобалардың жалғаса беретінін айтты.

– Біздің басты мақсатымыз – жергілікті кәсіпкерлікті жан-жақты қолдап, өңір экономикасының тұрақты өсуін қамтамасыз ету. Осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде, – деді ол.

Сонымен қатар, мұндай жобалар импортты алмастыруға, жергілікті қамтуды арттыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған нақты нәтижелердің бірі екенін атап өтті.

3 тамыз, 16:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.