Атырау, 6 желтоқсан 10:13
 ашықВ Атырау +3
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

​Құлсарыда мал сою цехының жұмысы тоқтатылды

529 рет қаралды

Кәсіпкер әйелдің айтуынша, егер ол соғым бермесе, биоқалдықтарды қайда жіберетінін өзі іздеуге тура келетіні туралы астарлы емеурін жасалған. «АЖ» тілшісі тараптардан комментарий алып, мәселенің мән-жайын анықтауға тырысты.

Орынша Құрақбаева, жеке кәсіпкер:

- Мен екінші топтағы мүгедекпін, жеке мал сою цехын 2016 жылы ашқан болатынмын. Жеке тұрғындардың малын қабылдап, осы цехта сойып дайындап береміз. Екі балам жұмыссыз, олар маған көмектесіп, отбасы нәпақасы осы жерден табылып тұр. 21 шілдеден бері мал сою цехының жұмысы тоқтап тұр. Бұған дейін малдан шығатын тері, ішкі құрылысты, яғни биологиялық қалдықтарды «Жылыойтазалық» мекемесіне тапсырып жүргенбіз. Бірақ соңғы кезде ол алудан бас тартты, өйткені «Жылыой тазалық» мекемесінің бастығы Бауыржан АБДРАХМАНОВ менен соғым (жылқы) беруімді сұрады. Егер болмаса басқа мекемеге тапсыр деді. 70 шақырым жердегі Теңіз кенішіндегі мекемеге, болмаса 200 км қашықтағы Атырауға апар деді. Мен осы жөнінде Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафис АЙШУАҚОВАҒА бардым, ол қабылдамағасын арыз тастап кеттім. Құлсары қаласының әкімі Қадыржан АДИНОВҚА барсам онымен тілдесе алмадым. Аудандағы кәсіпкерлік палатасына, «Атамекенге» барсам да мәселе шешілмей тұр. Кейін қала әкімі Қ. Адинов жауапты мекемелерді шақырып жиналыс өткізгенде осы сұрақ туындағанда мәселемізді шешпек түгілі өзімізге жүктей салды. Бұл жайт аудан көлемінде шешілмегесін жұмысымыз тұралап тоқтап қалды. «Жылыой тазалық» мекемесіне бұрын айына 45-50 мың теңге төлеп, өзіміз апаратынбыз көлікпен. Бұл мекеме субсидия алып отыр, осындай білдей мекеме биоқалдықтарды қабылдауға неге мүмкіндігі жоқ. Амал жоқ Астанаға кетіп барамын көлікпен, өйткені поездбен жүре алмаймын, оған денсаулығым жоқ. Әділдікті Астанадан күтемін енді.

Бауыржан АБДРАХМАНОВ: «Жылыойтазалық» ЖШС-нің директоры

- Біріншіден, ҚР Экология кодексінің 378 бабында биологиялық қалдықтар ветеринария заңнамасына сәйкес айқындалады делінген. Жұмыс жасау тәртібін де ветеринария саласындағы уәкілетті орган жүргізеді. Биологиялық қалдықтарды термиялық және химиялық процестерді қолдана отырып өңдеу және жою осы кодекстің талаптары сақтала отырып, жүзеге асырылады. Екіншіден, ҚР Денсаулық сақтау Министрінің «Өндіріс және тұтыну қалдықтарын жинауға, пайдалануға, қолдануға, заласыздандыруға, тасымалдауға, сақтауға және көмуге қойылатын санитарлық-эпидемеологиялық талаптар» санитарлық қағидаларын бекіту туралы бұйырығының (ҚР ДСМ-331\2020. 25.12.2020 ж.) 115 тармағында «ҚТҚ полигонында биоқалдықтарды: өлген жануарлардың өлекселері, конфискаттарды, тұтас ет қалдықтарын қабылдауға жол берілмейді» деп көрсетілген. «Жылыой тазалық» ЖШС иелігіндегі полигон ҚТҚ қабылдайтын полигон болып есептелінеді. Полигонға биоқалдықтар қабылданбайтындығы жөнінде жергілікті 3 кәсіпкерге 2 маусым күні ескертілді. Бірақ әлеуметтік желіде маған, менің ұлыма (прокуратурада жұмыс жасайды) теріс пікір туғызылды. Мен жеке кәсіпкердің пікірімен келіспеймін, мекеме он жыл бойы субсидия алып келді деген сөз жалған. ЖШС полигонға тасымалданған және орналастырылған қалдықтардан бекітілген бағамен ғана төлемақы алады. Бағаны аудандық Мәслихат бекітеді. Арызданушы бейнежазбада өзін жеке кәсіпкер ретінде таныстырады. Мекеме арасында ешқандай кәсіпкерлік байланыс жоқ. Мен бейнежазбада «соғым болса, мүмкін қарастырармыз» деген сөзді талап ретінде емес, арызданушыны бұрыннан танитын болғандықтан сөз арасында әзіл қалжың ретінде айттым. Аржағында пара алу мақсаты немесе бөтен ой тұрған жоқ. 

Қадыржан АДИНОВ, Құлсары қаласының әкімі: 

-«Жылыой тазалық» ЖШС аудандағы тұрмыстық қалдықтарды жинаумен, залалсыздандырумен және кәдеге жаратумен айналысады. Мемлекет тарапынан ЖШС-ке қандайда бір қолдау немесе субсидия бөлінбейді. 2022 жылы тұрмыстық қалдықтарды жинауға он жылға рұқсат берілген. Әлеуметтік желіде ЖШС биологиялық қалдықтарды қабылдамауына байланысты шағымдар келіп түсуде. Алайда ҚР АШМ  2015 жылғы 6 сәуірдегі «Биологиялық қалдықтарды кәдеге жарату, жою қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес биоқалдықтар қоқыс тастайтын полигондарға рұқсат етілмеуіне байланысты ЖШСке міндеттей алмайды. ҚР кәсіпкерлік Кодекесінің 18 бабында мемлекеттің кәсіпкерлік субьектілерінің ісіне заңсыз араласуына жол берілмейтіндігі көрсетілген. Мұндай әрекеттер лауазымды тұлғаларға жауапкершілікті көздейді. Биоқалдықтарды залалсыздандыру үшін әрбір тұлға немесе жеке кәсіпкер Атырау облысындағы осындай қызметті көрсететін кез келген ұйымдармен келісім шартқа отырып жүзеге асыра алады.

Жеке кәсіпкер О. Құрақбаева биоқалдықтарды Теңіз кеніші немесе Атырауға апаруға мүмкіндігі жоқтығын, мал сою цехы күнделікті аз ғана табысымен ғана күн көріп отырғанын, сол себептен бұл жайтты шешімі табылмаса жұмыс орны жабылып қалатынан айтып зар қақсауда. Ол амалы жоқтықтан Астанаға бет алды. Ендігі үміт үкіметте.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

4 тамыз, 15:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.