
Қазақстанда ауыл шаруашылығы алқаптарын шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары аяқталды.
2025 жылы үйірлі шегірткелерге қарсы қорғау шаралары 2,7 млн гектар аумақта жүргізілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 400 мың гектарға аз. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР АШМ АӨК мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының орынбасары Саят Сақмолдин мәлімдеді.
Оның айтуынша, шегірткеге қарсы уақытылы және сапалы күрес шараларын ұйымдастырылды. Мониторинг тиімділігін арттыру мақсатында зерттеулерге 4625 маман жұмылдырылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп.
Жалпы 443 арнайы техника, соның ішінде 24 жеңіл авиация ұшағы, 31 аса жеңіл авиация техникасы, 49 агродрон пайдаланылды.
Биылғы өңдеу шараларына биологиялық тиімділігі жоғары препараттар қолданылды. Сонымен қатар шегіртке мәселесі бойынша азаматтардың өтініштерін жедел қарастыру үшін арнайы колл-орталығы мен телеграмм-бот каналы құрылды.
Халықаралық ынтымақтастық аясында Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Қытаймен бірлескен зерттеулер, онлайн-кеңестер және шегірткенің таралуы бойынша деректер алмасу тұрақты түрде жүргізіліп отырды.
Шара қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының зақымдануына, сондай-ақ шегірткенің көрші мемлекеттердің шекаралас аумақтарына көшуіне жол берілген жоқ.
В Атырау +3