Атырау, 6 желтоқсан 10:57
 ашықВ Атырау +3
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

Атырауда автобуста жолақы төлемегендерге айыппұл салынды

564 рет қаралды

Атырау қаласында қоғамдық көліктерде жолақысын төлемеген жолаушыларды анықтау мақсатында рейд ұйымдастырылды. 

Бүгін тексеріс кезінде бірнеше құқықбұзушылық тіркеліп, №14 бағытта жолақысын төлемеген бір жолаушыға 2 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 7384 теңге айыппұл салынды.

Желілік бақылау қызметі тексерісті «Өнерпаз» аялдамасынан бастап, №14 бағыттағы автобусқа мінді. Тексеру кезінде Авангард ықшам ауданындағы соңғы аялдамадан отырған әйел адамның бірнеше аялдама бойы жолақы төлемегені анықталды. «Smart Qala» ЖШС мамандарының түсіндіруінше, тексеру кезінде валидаторлар уақытша бұғатталады. Яғни, тексеріс басталғаннан кейін төлем жасау мүмкін болмайды. Бұл жағдайда жолаушы жолақы төлемегені үшін 102 нөмірі арқылы полиция шақырылып, әкімшілік хаттама толтырылады.

- Бір аялдама бойы төлемеген жағдайда да, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 622-бабы 2-тармағына сәйкес, екі айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Егер айыппұлды бір ай ішінде төлесе, жеңілдікпен бір АЕК (3692 теңге) ретінде есептеледі. Бұл талап 2024 жылдың қаңтар айынан бастап заңды күшіне енген.

«Smart Qala» ЖШС нің қаржы директоры Ләззат Досмағамбетованың айтуынша, жолаушыларға айыппұл салу шаралары маусым айынан бастап енгізілді. Сол уақыттан бері 12 жолаушыға әкімшілік айыппұл салынды. Алғашқы кезеңде желілік бақылау қызметкерлерімен келіспей, жолақы төлеуден мүлде бас тартқан жолаушыларға қатысты 102 нөміріне хабарласып, хаттама толтыруға мәжбүр болған. Шілде айынан бастап қоғамдық көліктерге тексеру қызметкері кіріп, валидаторды уақытша өшіріп, жолаушылардың төлемдерін тексере бастайды. Бір аялдамаға дейінгі жолақыны төлемеген жолаушыға да хаттама толтырылады.

- Бұл шаралар тәртіпке шақырады. Жолаушылардың жолақы төлеуі - қоғамдық көлік қызметінің сапасын арттырып, автобустар тапшылығы мәселесін шешуге ықпал етеді, - деп атап өтті ол. 

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

31 шілде, 17:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.